ЭКСПО-2017 көрмесінде 8,5 мың ерікті үш ай қызмет көрсетті

ЭКСПО волонтерларының жұмыс қорытындысына арналған салтанатты шара еріктілер дайындаған «Бабалар өсиеті» театрландырылған қойылымнан басталды.

«Үш айдың көлемінде елорданың 12 оқу орнынан келген 77 ерікті бізбен бірге қызмет етті. Олар Елбасы кітапханасы экспозицияларын көрсету мен таныстыру арқылы мемлекеттің оңды имиджін дамытуды көздейтін жастар қоғамдастығын құрды. Олар нағыз отансүйгіш азаматтар. Бүгінде сол еріктілерге белсенді жұмыстары үшін Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымының атынан шексіз алғыс айтамыз. Бұл тәжірибенің келешек жетістіктердің негізі болатынына сенімдімін», — деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов.

Тұңғыш Президенттің кітапханасында қызмет еткен волонтерлар өздерін «Елбасы еріктілері» деп атайды.

 «Мен осындай тарихи оқиғаның куәгері болғаныма өте қуаныштымын. Біз үшін Елбасы кітапханасында жұмыс атқару үлкен абырой болды. Біз Назарбаев орталығының қонақтарына экскурсиялар жүргізе отырып, еліміздің тарихы мен қол жеткізген жетістіктері жайлы зор мақтанышпен баяндадық. Үш ай ішінде Елбасы кітапханасына 70 мыңға жуық қонақ келді. Олардың қатырында Германия, Швеция, Украина, Беларусь, Ресей, Қытай және басқа елдерден келген шетелдік туристер болды. Экскурсиялар қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілінде жүргізілді. Елбасы кітапханасының және штабымыздың басшылығына бізге сенім артқаны үшін, осы үш айдың ішінде ерікті қызметімнен көп тәжірибе жинағаным үшін зор алғысымды білдіремін». — дейді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің 3-курс студенті Нұрсила Жұрманова.

Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Анель Мұстафина үшін ерікті қызметі қоғамдық жұмысқа аттаған алғашқы қадам болып отыр.

«Мен үшін Назарбаев орталығындағы ерікті қызметі ұмытылмас тәжірибе болып қала бермек. Қазақстандықтарға ғана емес, сондай-ақ шетелдік азаматтарға таңғажайып еліміз туралы көптеген мәліметтерді жеткізе білгеніме өзімді өте бақытты санаймын», — дейді Анель Мұстафина.

Жас көшбасшылар қазақ халқының күйлерінен попурри, «Болашақ энергиясы — Елбасы еріктілері» флешмобын орындап, өздерінің дарындылықтарын тағы да бір дәлелдеді. Шара соңында жас белсенділер Елбасы еріктілерінің әнұранын орындады.

Еске сала кетейік, көрме барысында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде еңбек еткен ең үздік еріктілерге құрмет көрсетілген болатын.

Айтулы шара кешінде жүзден астам белсенді волонтерлар әртүрлі санаттар бойынша марапатталды. Еріктілерге «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов және ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Өз кезегінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрме волонтерларының өз міндеттерін жоғары деңгейде орындағанын атап, алғысын білдірді.

«Волонтерлік қызмет көрмені табысты өткізудің маңызды факторына айналды. ЭКСПО-2017 аясында 8,5 мың адам іріктеліп алынды. Оның 5,5 мыңы көрме аумағында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Олардың 2500-ден астамы — Астана қаласынан, 900 — Алматыдан және 1600 волонтер — өзге аймақтардан жиналды. Сондай-ақ, Ресей, Қытай, АҚШ, Бельгия, Италия, Польша, Моңғолия, Қырғызстан және өзге мемлекеттерден келген 150 шетелдік волонтер көрмеге өз үлестерін қосты. Еріктілердің орташа жасы — 19, ал ең үлкен волонтердің жасы 70-те. Дәл осындай 30  «алтын еріктілер» жұмыс істеді. Көрмедегі жұмыстары барысында көңілдері жарасқан үш жұп шаңырақ көтерді», — деді Ахметжан Есімов.

Еріктілерді марапаттау рәсімі Әли Оқапов, Алмас Кішкенбаев сынды эстрада жұлдыздары мен волонтерлардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Еске сала кетсек, үш ай бойы Қазақстанның 16 облысынан және әлемнің 35 елінен келген волонтерлар күніне 8 сағаттан үш ауысыммен көрме қонақтарына қызмет етті.