Өзбек сумының құнсыздануы Қазақстанға әсер ете ме?

Онсыз да құны төмен өзбек ақшасы 4210-нан бүгін 1 доллар үшін 8100 сумға дейін түсіп кетті. Десе де, мұнымен өзбектердің басына қара бұл үйірілді деу әлі ерте. Өйткені, бұл қазіргі биліктің керісінше тұрғындарын, әрі бюджет қорын байыту мақсатында жасап отырған шарасы екен.

Өзбек валютасының долларға қатысты ресми бағамы бір күнде 4210 сумнан бірден 8100 сумға құнсызданып кетті. Экономиканы реформалауға кіріскен жаңа билік шетел валютасына қатысты бірқатар шектеуді алған соң осындай өзгеріс болған. Десе де, қаржыгерлер бұдан Өзбекстан тек ұтады деп отыр. Қазақстанның теңгесіне де бұдан келер зиян жоқ.

Меруерт Мақмұтова, сарапшы: Өзбекстанның валютасының девальвациясы Қазақстан теңгесіне әсері жоқ. Әрине, өздерінің ішкі сасяттарында өзгерістер болады.  Бірақ бұл ұзақ мерзімді  инвестицияларға, халықаралық инвесторларға жол ашып отыр. Сондықтан, менің ойымша бұл өзгерістер дұрыс.

Яғни, ұлттық валютасын еркін айналымға жіберу арқылы өзбектер нарығын ашты. Ал сумның құнсызданғанынан жергілікті тұрғындарға соншалықты әсер етпейді екен. Себебі, азаматтардың онсыз да банк бекіткен бағаммен валюта сатып алып жүргені шамалы. Долларды олар қара базардан алады. Енді Үкімет өз пайдасын ұғынып, ақша айырбасты түбегейлі заңдастырмақшы.

Жұмабек Сарыбеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы: Сумның девальвациясы және Өзбекстандағы валюта нарығының леберализациясы екі жақты қарым-қатынасқа оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Себебі, Қазақстандық тарап үшін, Қазақстандық бизнес үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашылады.

Көршілеріміз осы девальвацияның арқасында шетелге ақша аударуға да мүмкіндік алып отыр. Себебі, бұған дейін сырттан келетін валюталарды міндетті түрде төмен бағамен Үкіметке сатып отырған. Сондықтан шетел инвесторлары Өзбекстанға ақша аударғанды ұната бермейді екен. Десе де, өзбек сумының девальвациясы Қазақстандық экспорттық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін төмендететіні анық. Себебі, өзбекстан нарығындағы қазақстандық тауарлар қымбаттайды.

Дереккөзktk.kz