Астанада тоғызқұмалақтан ІV Әлем чемпионаты өтті

Әлем чемпионатын дүние­жүзілік Тоғызқұмалақ федерациясы, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті, Астана қаласының әкімдігі жоғары деңгейде ұйымдастырды. Турнирге әлемнің 25 елінен 70-тен астам тоғызқұмалақшы келіп, бақ сынады.

Турнир қандай ереже бойынша өтті?

Чемпионат ерлер және қыздар арасында классика, рапид және блиц санаттары бойынша жеке-жеке өткізілді. Биылғы турнирдің басты ерекшеліктерінің бірі: турнирде тұңғыш рет командалар жұптық бәсекеде күш сынасты. Оған әр мемлекеттен 1 ер, 1 әйел адам қатысты. Әр елдің құрамасы 2 ер және 2 әйелден тұрады.

Тоғызқұмалақтан әлем біріншілігінің басты мақсаты — қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын әлемдік деңгейде насихаттау, оның бұқаралық сипатын арттыру және осы спорт түріндегі ең үздік спортшыларды анықтау мақсатында өткізілуде.

Тоғызқұмалақтан әлем чемпиондары кімдер?

Классикалық санат бойынша өткен ойында отандасымыз Хәкімжан Елеусінов алдына жан салмады. Спортшы жеті турда мүмкін болған жеті ұпайдың бәрін алып, осымен үшінші рет әлем чемпионы атанды. Кезекті жеңісінен кейін Хәкімжан Елеусіновке «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді.

Айта кетейік, Хәкімжан Елеусінов 2012 жылдан бастап Қызылорда облысының тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы қызметін атқарып келеді. Бұдан бұрын ол 2012 жылы Чехияда, 2015 жылы Алматыда өткен әлем біріншіліктерінде топ жарған болатын.

Классикалық санат бойынша күміс жүлде тағы бір қазақстандық Сайлан Матыловке бұйырды. Ал жүлделі қола медаль қырғызстандық тоғызқұмалақшы Белек Мамбеталиевтің еншісіне бұйырды.

Қыздар арасындағы турнирде Әсел Далиеваның бұл жолы да айы оңынан туды.  Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Далиева турнир барысында тамаша нәтижеге қол жеткізді. Тоғызқұмалақшы осымен бесінші рет әлем чемпионы деген атақты иемденді.

Аталған санат бойынша екінші орынға қырғызстандық Жаңыл Сағынбекова тұрақтаса, жерлесіміз Ақерке Кенжебекова қола медаль иегері атанды.

Ерлер арасындағы блиц ойынында Қырғызстаннан келген тоғызқұмалақшылар үздік ойын көрсетті. Кубан Иброгимов осы санат бойынша чемпион атанса, қырғызстандық Анарбек Джамакеев күміс жүлдені қанжығасына байлады.

Қыздар арасындағы тартыста қазақстандық тоғызқұмалақшылар Қымбат Нөсерова алтын жүлдені иемденсе,  жерлесіміз Диана Кенина күміс жүлдені місе тұтты.

Рапид жарысында Нұрбек Қабиев Қазақстан қор­жынына алтын жүлде салса, Хәкімжан Елеу­сінов қола медальды місе тұтты.

Сондай-ақ қыздар ара­сын­да Лина Кәрімова да ел на­мы­сын лайықты қорғап, чемпион атанды. Ал Әсел Далиева бұл сынды күміс медальмен аяқтады.

Командалық жұптасып өнер көрсетуде құрамында Серік Ақтаев пен Әсел Далиева ойнаған Қазақстанның бірінші командасы алдына жан салмады.

Бұл сайыста күміс жүлдені Қазақстанның екінші командасы үшін ойнаған Жанат Қаймолдин мен Роза Райымбекова иеленсе, Моңғолия елінің тоғызқұмалақшылары Жасұлан Рысбек пен Құралай Құлбек қола жүлдегерлер атанды.

Тағы бір айта кететін жайт, әлем чемпио­наты барысында Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының кезекті отырысы өтті. Шарада қазақтың ұлттық зияткерлік ойынының болашақтағы даму стратегиясы талқыланды. Сонымен қатар, бірқатар кадрлық шешімдер қабылданды. Соның нәтижесінде, Әлихан Байменов Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федера­циясының президенті болып қайта сайланды.

«Зияткерлік ойындар үздіктерді анықтайтын спорттық жарыс түрі ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесінде, ұлттардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде ерекше феномен. Жүйелі және қисынды ойлау, білім мен ғылымға бейімділік негіздерін қалауда, ыждаһаттық пен табандылықты тәрбиелеуде тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойындар — ерекше ұтымды әрі таптырмас тәрбие құралы», —  деді өз кезегінде атап өтті Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов.

Жиын қорытындысы бойынша, Жан Решитский (Швейцария), Рауф Озген (Түркия), Асылхан Сакей (Моңғолия), Дастан Қапаев (Қазақстан) бұдан былай вице-президенттік қызметті атқаратын болса, Мақсат Шотаев ұйымның Бас хатшысы болып бекіді.

«Азия емес, сонымен қатар Еуропа, Солтүстік, Оңтүстік Америка, Африка елдерінде тоғызқұмалақ ойыншылары өздерінің біліктіліктерін жетілдіріп, халықаралық жарыстар жыл өткен сайын жоғары деңгейде өтуде. Егер бұрындары Қазақстан, Қырғызстан ойыншылары жеңімпаз болатын болса, соңғы жылдары жеңімпаз жүлдегерлердің арасында Германия, Чехия, Моңғолия өкілдері де қосылып, олар да өздерінің шеберліктерін шыңдау үстінде» деді өз кезегінде федерация Президенті Әлихан Бәйменов.

Қазіргі уақытта әлем бойынша танымалдылық алып келе жатқан тоғызқұмалаққа қызығушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Бұған шетелдік тоғызқұмалақшылар айқын дәлел болмақ.

«Тоғызқұмалақ ойынымен 9 жыл бұрын таныстым. Адамның ойлау қабілеті мен тез есептеуге шыңдайтын ойын түрі маған қатты ұнады. Ұлыбританияда тоғызқұмалақтан шағын жарыстар өтіп тұрады. Сол сайыстарда шеберлігімді жетілдірдім. Енді әлем чемпионатына екінші мәрте қатысып жатырмын», — Сет Бонти-Асамоа, жарысқа қатысушы (Ұлыбритания).

Айта кетейік, тоғызқұмалақтың келесі дүниежүзілік бәсеке 2019 жылы Түркияда өтеді. Ал Еуропа чемпионаты 2018 жылы Францияда ұйым­дас­тырылса, сол жылы Моңғолияда Азия бірін­шілігі жалау көтермекші. Жалпы, бұл жолғы әлем чемпионаты дүниежүзі бойынша тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылықтың арта түскенін байқатты.

Биылғы тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында АҚШ, Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Әзербайжан, Германия, Грузия, Колумбия, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Сирия, Тәжікстан, Түркия, Түркменстан, Үндістан, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария сияқты мемлекеттерден спортшылар қатысып, бақ сынасты. Турнирге қатысушылардың саны жылдағыдан көп болғаны өз алдына, бұл дүбірлі бәсекеге биыл тұңғыш рет Аустрия, Камерун, Польша және Украина елдерінен де тоғызқұмалақшылар келіп, өнер көрсетті. Яғни, қазақтың зияткерлік ойыны жыл өткен сайын аясын кеңітіп, өзінің дәре­жесі бойынша әлемдік деңгейге көтеріліп келеді.

Еске сала кетейік, тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионаты 2010 жылы Астана қаласында өткізіліп, 16 елден спортшылар қатысқан болатын. 2012 жылы Чехияның Пардубице қаласында болған ІІ Әлем чемпионатына 10 елден спортшы қатысса, ІІІ Әлем чемпионаты 2015 жылы Алматыда өткізіліп, 23 елдің спортшылары бақ сынады.

Сондай-ақ, тоғызқұмалақ Лондон (2006), Пардубице (2007), Канн (2009) дүниежүзілік зияткерлік фестивальдер мен олимпиадалардың бағдарламасына енгізілген. Ұлттық ойыннан халықаралық жарыстар Антигуа мен Барбуда, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Монғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Ұлыбритания, Чехия, Швейцария және тағы басқа мемлекеттерде өткізілді.

2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, тоғызқұмалақ әлемдік ғаламторда www.iggamecenter.com — сайтында зияткерлік ойын ретінде тіркеліп, онлайн жүйеде ойнайтын бағдарламасы жасалынды. Қазір сайттағы ойындар рейтингісін бастап тұр.