Басты бетЖаңалықтар"Қазақстанның 100...

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына өтініштер офлайн қабылданады

Халық назарын отандастарының табысқа жету жолына аударту үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын бастауды ұсынды. Бұл бастама үш міндетті шешуге бағытталған: өз ақыл-білімімен, еңбегімен, дарынымен заманауи Қазақстанды қалыптастырып жүрген азаматтарды қоғамға паш ету, біздің дарынды замандастарымызға ақпараттық қолдау көрсету және таныстыруға арналған жаңа мультимедиалық алаңды құру.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бастамасы бойынша қолға алынған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша өтініштерді қабылдау жалғасуда. Қазір 100esim.el.kz сайтында мыңнан астам өтініш жарияланды. Кей адамдарға интернеттің қолжетімді емес екенін ескеріп, жобаны бұқараға кеңінен таныту мақсатында бүгін el.kz интернет жобасының редакциясы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына өтініштерді офлайн қабылдау акциясын бастады. Астана қаласының төрінде орналасқан «Бәйтерек» монументінің жанында арнайы стенд құрылып, жобаға өтініштерді қабылдау ұйымдастырылды.

el.kz редакциясының журналисі Қырмызы Айдарованың айтуынша, өтініштерді офлайн қабылдау аясында әзірге 200-ден астам үміткерлер туралы деректер жазылды.

«Бастапқыда біз акцияны ұйымдастыру кезінде бұл акция тек астаналықтарды ғана қамтиды деп ойладық. Алайда «Бәйтерек» қала қонақтарының ең сүйікті жері екен. Біз бүгін қабылдаған өтініштердің көпшілігі республикамыздың әр аймағынан болып шықты, тіпті түкпірдегі шалғай ауылдардан келген азаматтар өтініш толтыруда. Бұл өте қуанышты жағдай. Түрлі оқиғалар мен әңгімелерді кейіпкерлеріміздің өз аузынан тыңдаған тамаша әсер қалдырады екен. Бүгінгі өтініштер қабылдау процедурасы ерекше шабытпен өтуде»,-дейді Қырмызы Айдарова.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына офлайн өтініш қабылдау бүгін кешке дейін жалғасады. Жоба орындаушылары el.kz редакциясы мұндай акциялары әлі де өткізіп тұруға дайын екенін айтты.

Ал 100esim.el.kz сайтында өтініштерді қабылдау қыркүйек айының 15-іне дейін жалғасатынын ескертеміз. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына лайық азаматтар сіздің араңызда да болуы мүмкін, сондықтан өтініш беруге асығыңыздар.