Бұл туралы агенттікке білім беру мекемесінің баспасөз хатшысы Рымгүл Божақанова хабарлады.
— Физика, математика және информатика апталығы аясында ұйымдастырылған «Кубик-Рубик» сайысына қатысуға сегіз оқушы өтініш білдірген. Жеңімпаз атанған Абылайхан алғашқыда кубик-рубикті 5-6 минутта жинайтын. Өткен жылы 11,2 секундта жинап шыққан ол бұл көрсеткішті алдағы уақытта үш секундке дейін жеткізуге мақсат қойып отыр. Сондай-ақ 10 «C» сыныбының оқушысы Сұлтан Шупеев көзін жапқан күйінде 2х2 номинациясында небары 30,88 секундта кубик-рубикті құрастырып шығып, жеңімпаз атанды. Мұндай ойын арқылы баланың ойлау қабілетін дамытуға болады, — дейді Р. Божақанова.
Биылғы жылы оқушылар кубик-рубиктің күрделі комбинацияларынан да сынға түскен. Бұл 5х5 номинациясында 8 «D» сынып оқушысы Әлішер Ашекеев 6,43 минутта жеңіске жетсе, пирамиданы жылдам құраған қатысушылардың арасындағы жалғыз қыз 8 «D» cынып оқушысы Амина Ердес тапсырманы 13,44 секунд ішінде орындап шыққан.
Айта кетерлігі, былтыр АҚШ-та жасөспірім Лукас Эттер 3×3 номинациясы бойынша 4,9 секунд ішінде кубик-рубикті жинап, әлемдік рекорд орнатқан. Оның бұл жетістігін бүкіл әлемдік (World Cube Association) қауымдастығы тіркеген.