Басты бетЖаңалықтарЭКСПО-2017: Бүгін...

ЭКСПО-2017: Бүгін Сенегалдың ұлттық күндері өтуде

Шараның кіріспесін Сенегалдықтар кора, джамбе және балафон ұлттық музыкалы аспаптарының сүйемелдеуімен бастады.

Ресми бөлімде Сенегал секциясының комиссары Джоп Малик көрмеге қатысудағы басты мақсаттарын әңгімеледі.

«Біз де әлем елдерімен бірге жаңартылатын энергия көздерін тұтынуға жәрдемдесуге ниеттіміз. Жаңғырмалы энергия көздері қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге және Сенегалдың даму жоспарының құрамдас бөлігі болып келетін халықтың электроэнергия шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Батыс Африкада орналасқан мемлекетіміз 2035 жылға қарай дамушы елдер қатарына кіруді жоспарлауда. Сенегал Республикасы дамуының басты бағыттарының бірі –энергетикалық тәуелсіз ел болу», — деді ол.

Сенегалдың павильоны Африка плазасында орналасқан. Сол себепті, көрме қонақтары Африка плазасына қарай көңілді парадпен келді.

Экскурсия жасаушылардың айтуынша, Сенегал мемлекетінің үкіметі биыл қайта жаңғыртылатын энергия көздеріне деген қаржыны 20 пайызға дейін ұлғайтуды көздеген. Әсіресе, күннің жарығы мен жел энергияларына көп көңіл бөлінген.

Сенегалдың Қазақстандағы Құрметті консулы Серік Қарабеков екі ел арасында әріптестік орнатқысы келетінін айтты.

«EXPO көрмесіне Сенегалдан іскер азаматтар көп келді. Өздерінің бұрыннан бері айналысып келе жатқан өндірістерімен таныстырып жатыр. Оларда да біздің «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» сияқты компаниялары бар. Біздің бизнесмендермен әріптестік орнатқысы келеді. Қазақ инвесторларына жобаларын таныстырып, сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге мүдделі. Қазіргі таңда саяси, медициналық, ауыл-шаруашылығы мен көлік құрылысы салалары бойынша түрлі деңгейде келіссөздер жүріп жатыр», — деді ол.

Сенегал – гидроэнергетикасын да жақсы дамытқан мемлекет. Мұнда энергетикалық қуаты 200 мегаватт болатын «Манантали» атты гидроэлектр стансасы жұмыс істейді. Онда өндірілген энергияның 33 пайызын сенегалдықтар тұтынып отыр.

Сенегалда бүгіннің өзінде 3 күн электр стансасы бар. Олардың қуаты 72 мегаватты құрайды. Жоспар бойынша олардың жалпы қуат мөлшері 350 мегаватқа жету керек. Мұның барлығы Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Ал жалпы қуаты 175 мегаватт болатын 2 бірдей жел паркінің құрылысы жүріп жатыр. Солардың бірі – «Таба ндэй» деп аталатын 150 мегаваттық жел паркі. Ол Батыс Африкадағы электр қуатын өндіретін ең ірі нысан саналады.

Айта кетейік, аталмыш шара аясында «Сафари» тобының орындауындағы қойылым мен дәстүрлі билер халыққа ұсынылды.