Қазақстан мен Өзбекстанның әскери ведомстволары өзара ынтымақтастық жоспарына қол қойды

ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жазұсақтов Ташкент қаласында  Өзбекстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Кабул Бердиевпен ресми кездесу өткізді. Тараптар кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың болашағы, қорғаныс саласында өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылап, екі ел әскерлердің бірлескен жедел және жауынгерлік даярлығы шеңберіндегі және әскери білім беру аясындағы іс-шараларды қамтитын әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойды. Қазақстан мен Өзбекстан әскери ведомстволарының екіжақты қарым-қатынасы тарихында мұндай құжат алғаш рет жасалып отыр.

Сапар аясында ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты Өзбекстанның Президенті Шавкат Мирзиеев қабылдады. Республика Президенті екі елдің қарулы күштері арасындағы өзара іс-қимылдың қарқындылығына көңіл толатынын айтып, өңірдің қауіпсіздігі үшін қорғаныс саласында ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі туралы пікірін айтты.

Сәкен Жасұзақов болса, Өзбекстан Республикасы Президентінің қонақжайлылық танытып, құшақ жая қарсы алғаны үшін алғысын білдірді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жылы лебіздерін жеткізді. Қорғаныс ведомствосының басшысы әскери және әскери-техникалық салаларда қазақстандық-өзбекстандық өзара тиімді серіктестікті әрі қарай нығайтуға мүдделілігі мен әзірлігін атап өтті.

Өзбекстан басшылығы Қазақстандық делегацияны Коканд қаласындағы Өзбекстан Республикасының Қарулы Күштерінің әскери бөлімдеріне апарды. Өзбек әріптестеріміз жеке құрамның күнделікті тыныс-тіршілігі мен жауынгерлік даярлығының ұйымдастыру үдерісімен, сондай-ақ өзбек армиясы әскери қызметшілерінің тұрмыс жағдайымен таныстырды.

Қазақстанның Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов екі күндік сапарының соңында Өзбекстанның тұңғыш Президенті Ислам Кәрімовті еске алып, Самарқанд қаласында орналасқан қабіріне гүл шоқтарын қойды.