Діни экстремизмді насихаттаған «Шейх Халил» сегіз жылға сотталды

Қазақстандағы мұсылмандар арасында «шейх Халил» деген атпен белгілі 42 жастағы Абдужаббаров Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы ескі редакциясының 164-бабы 3-бөлімі («Ауыр зардаптарға соқтырған әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша айыпты деп танылды. Тергеу Абдухалил Абдужаббаров Атырау мен Оралдағы мұсылмандар арасында өзінің уағыздары арқылы діни экстремизм идеяларын таратты деп санайды.

Сот үкімі бойынша Абдужаббаров жазасын жалпы режимдегі колонияда өтемек, деп жазады Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.

Абдухалил Абдужаббаров сотта өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Сотталушының адвокаты мен туыстары сот үкіміне қатысты комментарий беруден бас тартты.