Латын әліпбиінің қандай нұсқалары бар?

Латынға көшу себептерінің талқысы бірнеше онжылдықтар қатарынан ел аузында жүргесін, оған көшкендегі келер пайда әрі көшуге деген түрткі жайт — әлдеқашан есті жұрттың назарында. Яғни, біріншіден, саясатпен байланыстырудың керегі жоқ, — таза прагматикалық тұрғыдан шыққан қажеттілік, мақсат — әлемдік экономикадағы қазақ тілінің рөлін нық орнату және қазақ тілінің назарсыз қалып жатқан мәселелерін шешу. Екіншіден, әлеуметтік қиындығы тек қысқа мерзімде сезіліп, ұзақ мерзімде латындандыру әлдеқайда көбірек пайда әкелері аса ықтимал. Үшіншіден, кейбіреулер популистік риторикасымен жұртты қалай сендіруге тырысса да, мемлекеттегі басқа мәселелер латындандырудың көлеңкесінде қалмас, яғни, бұл “Стратегия-2050-де” көрсетілген реформа болғасын, оның басқа даму бағдарламаларынан үстем болмай, керісінше, олармен ілесе жүзеге асыралатыны — логикаға негізделген тұжырым.

Ұсынылып отырған нұсқалар жетеді. Бірінші қарастырарымыз, Әбдуәлі Қайдар құрастырған әліпби. 2004 жылы Қазнеттегі әйгілі ақпараттық портал “ҚазАқпарат” осы нұсқаны қолдана бастағасын, бұл әліпби халық арасында “қазақпараттық” делініп жүр (inform.kz/qaz). Төменде сол әліпбимен жазылған мысал көрсетілген:

Латын әліпбиіне "ҚазАқпарат" ұсынған нұсқасыКез келген оқырманның көзіне түсер басты ерекшелігі — диакратика, яғни, неше түрлі сызықшалар, нүктелер, иректер. Диакратикалық белгілер, бәлки, қазақтың төл дыбыстарын беру мәселесін шешер, бірақ тым көп қолданылғаны “визуалды қоқыс” тудырары айқын. Ықшамды да көрікті мәтіннің мүйізді-құйрықты бірдеңеге айналу қаупі бар.

Екінші қарастыратынымыз — Байтұрсынұлы атындағы институттың дәл қазір ұсынып отырған нұсқасы (төменде көрсетілген).

Латын әліпбиінің Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі ұсынып отырған нұсқасы“Қазақпараттық” нұсқадан айтарлықтай айырмасы жоқ. Анадолыдан келген Ş әрпі Прагада туылған Š әрпімен ауыстырылған және қазақ тіліне кирилл әліпбиінен кірген “х” (x) және “и” (ï) әріптері тілімізге оңтайландырылған (“и” орнына iy, ıy — ій, ый). Бұл нұсқаға қарағанда, “қазақпараттық” латын әліпбиі — тілдің латынға көшуіне емес, жай әріптердің транслитерациясына ғана негізделген идея.

Ескереріміз, тілдік реформаның мақсаты тек әріптерді ауыстырумен ғана шектелмейді, олай ойласақ, саяздық болар еді. Кирилл әліпбиіміз де құрметке ие: оны да ғалымдарымыз құрастырған. Алайда, кейінгі Кеңес өкіметінің насихаты мен нұсқауы арқылы жүргізілді. Сондықтан да ол кейбір тұстарда тіліміздің иммунитетін әлсіреткен болатын. Яғни, кириллицаға көшпес бұрын, орыс тілінен енген сөздер, араб-парсы сөздерімен қоса, қазақ тілінің заңдарына сәйкестендіріліп кірген болатын. Мәселен, “чайник”, “самовар”, “известь”, “волость” сөздері тіліміздің тарихи мықтылығына беріліп, “шәйнек”, “самауыр”, “ізбес”, “болыс” деп үйлестірілген-ді. Бұл сөздер қазақ тіліне сіңіп кеткені сондай, оларды әдетте кірме сөз деп ойламассың да — қазақтың төл сөзімен бірдей септеледі, тәуелденеді, жіктеледі, көптеледі. Алайда, кириллицаға көшкесін, “орыстың сөзін орысша ғана жаз, орысша ғана айт” деген үгіттеу ел арасында таралып кеткесін, “географиясын” да, “инновациясын” да қазақта жоқ “О-ны А қылып оқу” заңдылығымен оқимыз. Олай оқымасаңыз — күлкіге қаласыз. Сол күлкі де — өткеніміздегі “пропаганданың” жаңғырығы. Әлемнің дамыған тілдерінің бәрі кірме сөздерді өзінің ғана мәнеріне үйлестіріп қабылдайды. Мысалға, орыс тілі латын мен ағылшыннан енген “innovation”, “devaluation” сөздерін орыс заңдылығына бағындырып, сөздігіне “инновация”, “девальвация” деп енгізеді. Ал дамымаған тіл өшуге душар болмақ. Әліпбиімізді латын жазуына көшіруіміз тұсында да тілімізді дамытуымыз керек. Күштеп енгізілген сөздерден азат етуіміз керек.

Үшінші нұсқа — Жанат Аймағанов 1999 жылы дайындаған ABCnet нұсқасы (ABCnet.kz):

Латын әліпбиінің Жанат Аймағанов ұсынған нұсқасы
Латын әліпбиінің Жанат Аймағанов ұсынған нұсқасы

Бұл нұсқа жағаласқан диакратикадай бас ауыртып тұрған жоқ. Латынның дәстүрлі әліпбиінде жоқ дауысты дыбыстарды — үстіне сызықша қосу арқылы, дауыссыз дыбыстарды диграфтар (sh, gh, ch, ng) арқылы белгілеген. Расында, латынның төл әріптерін қолданғасын, бұл әліпбимен жазылған мәтінді ең ескі компьютерлер де “қабылдай алады”.

Бірақ бір қарағандай мінсіз емес. Мұндай латын әліпбиі мәтінді “семіртеді”, мәтінді басудың өзін баяулатады, қабылдау ыңғайлығын азайтады. Бұл жердегі дауысты әріптердің үстіне қойылған белгі — негізінен екпін белгісімен шатастырылуы әбден ықтимал, себебі көптеген оқулықтарда, лингвистикалық жүйелерде әлдеқашан бұл белгімен сөздегі буын екпінін көрсетеді. “ABCnet-тің” басқа нұсқасында қазақ тіліне тән дауыстыларды апострофты (‘) тіркеу арқылы белгілеу ұсынылған (A’, O’, U’). Алайда, апострофпен берілген белгіленудің кедергілері мен қиындықтарын Өзбекстан мысалынан көре аламыз: техникалық тұрғыдан апостроф сөзді бөлуші белгі болғасын, кейбір бағдарламалар сөздерді бір емес, бөлек сөз деп қабылдайтыны сирек емес (мәселен, Google).

Осы орайда төртінші кезекте сарапқа салатын нұсқаға тоқталсақ, латынға көшудің үздік идеяларын жиып, ыңғайлы, ықшамды әрі әлеуетті әліпбиді құруды “Kazak Grammar Nazi” (KGN) деген тілге жанашыр жаңашыл энтузиастар жиналған топ басты мақсат деп көріп отыр. Жаһандық интернет желісінде “grammar nazi” (“грамматикалық нацист”) деп тілдің дұрыс қолданылуына, сөздердің дұрыс жазылуына жете қарайтын адамды әзілдеп атайды. Жастар арасындағы танымал қалжыңды “қазақыландыра” өздеріне лақап ат ретінде қойған екен.

Ең алдымен, олар өздерінің нұсқаларын қазақ фонетикасына негіздейді. Қазақ тіліне табиғи тән дауыссыздар — р, й, у, л, м, н,  ң, п, с, т, ш, к, қ, б, з, д, ж, г, ғ. Өзіне тән дауысты дыбыстар — жіңішке ә, ө, ү, і, е және жуан а, о, ұ, ы. KGN ұсынған нұсқаның әріптері қазақ тілінде табиғи қалыптасқан дыбыстарға негізделіп отыр. Басқа тілден енген сөздер үшін в, ф, х дыбыстары әзірше қалған. Көптеген әріптер, әлбетте, әлдеқашан латын әліпбиінде өз жұптарына ие, мысалға, м — m, н — n. Сондықтан назарымыз — төл дыбыстарымызда.

Кириллицадағы “ң” әрпін KGN “ŋ” таңбасымен беруді ұсынып отыр. Бұл символдың бүтін бір графема болғанынан бөлек, ол латын нормаларында дәл сол қазақтың “ң” дыбысын беріп тұр. Бұл “ң-ның” нұсқасы тілде сөйлеушілер үшін де, тілді үйренушілер үшін де қолайлы болмақ.

Кириллдегі Ш-ны латындағы С әрпімен ауыстыру — тағы бір табылған ақыл. S әрпінің асты-үстіне бірде құйрық, бірде ирек сызғанша (Ş, Š), қолданылмай тұрған әріпті таңдағанымыз — жөнді шешім. Ол аздай, байырғы қолданған латын әліпбиімізде де, яғни Жаңәліпте (1929-1940) Ш-ны С арқылы берген (Cibet — Швеция, mecit — мешіт), — төл тарихымызбен байланысымыз нығая түсері ықтимал. Бұл шешім қазақ тілінің латынға көшкелі емес, оралғалы тұрғанын тағы да баса көрсетіп бермек. Аталмыш “Ŋ ŋ” да — түбінде Жаңәліптен келген әріп десек болады.

Қазақ тілі басқа тілдерден сингармонизмдік заңдарға деген өзінің маңғаз қаталдығымен ерекшеленеді. Яғни, қазақ тілі бір сөзде жіңішке дауысты мен жуан дауыстының да жазылып қойғанын “кешірмейді”. Ұлылығы сонда, жуан дауысталған сөздерде — Қ мен Ғ әріптері болса, жіңішкелерінде — К мен Г “әмірлік жүргізеді”. Мұндай дыбыстар ғылымда аллофон деп аталады, яғни жалпы бірдей, бірақ сөздердегі айтылулары көршілес дыбыстарға байланысты өзгереді. Сол себепті KGN Қ мен К-ні латынша K деп, Ғ мен Г-ні G деп белгілеуді ұсынды.

Бұл идея әуел баста “радикалды” көрінуі мүмкін. Кейбіреулердің пікірінше, бұл дыбыстардың жойылуына әкеліп соғады-мыс. Алайда, түркімен, қырғыз, ноғай, татар тілдерінің мысалдарынан біз 77 жыл ішінде Қ мен Ғ дыбыстарының жоғалмағанын көреміз. Тіпті түрік тілінің де диалектілерінде жуан дауысталған сөздерде Қ мен Ғ дыбыстары анық айтылады. Одан қалды, өзбек тілінде де “ы” мен “и” дыбыстары бірдей I i деп жазылып, қасындағы дауыссыз дыбыс арқылы ажыратылады (qochqin — қачқын, ko’chki — кочки).

Бұл шешімнің басты аргументы — қазақ тілінде де бұл әдіс әлдеқашан қолданыста. Ғылыми тұрғыдан, “л” мен “ль” — бөлек дыбыстар, мәселен, кейбір тілдер үшін ол екі дыбысты бір әріпке сыйдыру — шынтаққа тілді жеткізумен тең. Дегенмен қазақтар сөздегі дауысты дыбысқа қарап, “сал” дегенді — “сал”, “сәл” дегенді “сәль” деп оқуда еш қиналмайды.

Бұл екі дыбыстың бірігуіне қарсы шығатындар — көбінесе Q әрпіне аса “ғашық болған” энтузиастар. “Kazakh” я “қазақ” дегенді “qazaq” деп жазу трендке енгесін, дәл осы Q әрпін қолдану көптеген кәсіпорындардың тұтынушы жинаудағы тағы бір популистік айлалары болып кеткені өкінішті. Басқа сөзбен айтқанда, бұрын және жалпы сирек қолданылған Q әрпінің мұндай “жаңалыққа” айналуы көпшілікке, әсіресе, жастарға қызық көрінді. Соның әсерінен компаниялар ребрендингтерін жастардың ыңғайына қарап жүзеге асырды. Q әрпінің бас қолайсыздығы, егер оны Қ дыбысы үшін қолданатын болсақ, дәл осы тұстан Ғ дыбысын белгілейтін дыбыс жөнінде сауал туындайды. Ал оны түріктің Ğ ğ әрпімен белгілеу — тағы да жазудың шырқын бұзар артық диакратика.

“Х” мен “Һ” дыбыстары арасындағы айырмашылықты тарих әлдеқашан өшіріп тастағаны айқын. Сол себепті оларды латында бір-ақ “H h” әрпімен беру — ақылға сыйымды ой. Ал Ч мен Ц әріптері қазақ тіліне мүлде тән емес. Еш бір таза қазақ сөзінде бұл әріптер кездеспейді, яғни олар бар сөздерді тіліміздің заңдарына сай бейімдеуіміз керек. “Чин” — “шенге”, “чайник” бұрында “шәйнекке” ауысқандай, чекті де, чемпионды да cek, cempıyon (шек, шемпион) деу қателік болмас.

Дауысты дыбыстарға тоқталсақ, диакратикасыз болмайтын көрінеді. Алайда, диакратиканы шамасын біліп пайдаға асыру да — жаман ой емес. Латында төл дауыстыларымызды белгілеу үшін тарихпен сыналған жолды таңдайық — “умляуттар” (әріп үстіндегі екі нүкте). Түркі тілдерінде, еуропалық тілдерде бұл дауысты дыбыстың “жұмсартылған” нұсқасын көрсетеді. Яғни, жуан а, о, ұ, ы дыбыстарын — a, o, u, ı (I) деп, жіңішке ә, ө, ү, і дыбыстарын ä, ö, ü, i (İ) деп белгілеген лазым.

Транслитерация мәселесіне көшсек, көп сауал “и” мен “у” әріптерінде туындайды. Бұл әріптер, ескертуіміз, — дифтонгтар, яғни бірнеше дыбысты біріктіріп тұр. Латыншада сол бірнеше дыбысты бөліп көрсету де тілдің ыңғайлығын арттырады. Мысалы, “мый” деп айтқанымызды жазуда “ми” деп елестету қиын. Немесе, “сый” мен “сиыр” бірдей дыбысталса да, әртүрлі жазылып тұр. Ал латыншада оларды “mıy”, “sıy”, “sıyır” деп жазу (“мый”, “сый”, “сыйыр”, сәйкесінше) — мәселенің шешімі. Дәл сол тәрізді У дыбысын біз дауысты дегенде, ол өзі бір кездері не “ұу” мен “үу-ді” беріп тұрса, бір кездері — “ыу” мен “іу”. Дауыссыз У-ды W деген танымал әріп арқылы белгілесек, мәселен, ту — tuw, әуе — äwe, құрысу — kurısıw, күрeсу — küresiw (“ыу” мен “іу” болғанының себебі — қазақ тілінде Ұ мен Ү әріптері тек бірінші буында кездеседі).

Нәтижелік мысал ретінде, әліпби нұсқасының барынша көп белгісі қатысқан сөйлемді алсақ:

Halıkaralık forımda elimizdiŋ tükpir-tükpirinen üzdik okıwсılar jıynalıp, kazak tiliniŋ kökeytesti mäselelerin сeсiwge üles kostı.

Ықшамды, көзге жағымды, ыңғайлы. Әрі келбеті де басқа түркі тілдерінен жақсы жағына қарай ерекшеленіп тұр,  яғни, осылай тілімізді “тану” қолайлырақ болары сөзсіз. Көптеген адамдар әліпбиімізді түрік әліпбиіне ұқсатып жасаған жөн дейді. Бірақ ескереріміз, бауырлас ұлттар болсақ та, олардың диакратикаға толы әліпбиіне тағы диакратика енгізер болсақ, әліпбиіміз тіптен аталмыш “мүйізді-құйырықты” таңбалар жиынына айналары сөзсіз. Бірдей әліпби бұл тарапта екі бауырлас ұлттың жақындасуына емес, өкінішке орай, Анадолы түркілерінің лингвистикалық гегемониясының артуына әкеліп соғары көбірек ықтимал (мәселе — олардың тілдерінде — 77 млн, біздің тілде 13 млн адам сөйлейтінінде). Латын әліпбиі арқылы, өзіндік ерекшеліктерімізге негіздеп, қазақ тілі үшін ғана құрылған жазба жүйесін енгізуіміз — бас мақсатымыз екенін ұмытпайық. Айтпақшы, сөйлемде “форум” сөзінің “форымға” ауысуы — заңды іс. Қазақ тіліне енген сөздерде біріншіден басқа буында тұрған еріндік дыбыстардың Ы мен І-ге ауысулары — шарт (баһадүр — батыр, завод — зауыт).

KGN нұсқасы
KGN нұсқасы

Қорытындылай келе, латынға көшу — бір мәселе, оған дұрыс көшу — екінші мәселе. Тіліміздің тағдыры үшін жастар арасында ағартушылықтың бір түрін жүргізіп отырған “Kazak Grammar Nazi” тобының бастамалары игі көрінеді. Оқырманның тапсырмасы — берілген ақпаратқа ойша зерделі сараптама жасау. KGN ұсынып отырған әліпбидің бір тұсы ұнап, басқа тұсының жақпауы — қалыпты реакция: әр нәрсенің дұрыс жағын да, бұрыс жағын да көре білу — пайдалы іс. Олар әлдеқашан елге әйгілі sozdik.kz электронды сөздігінің мойындауына ие болған, әрі программистердің көмегімен өздері ұсынған латын әліпбиінің нұсқасына негізделген Windows пен MacOS, Android жүйелеріне пернетақта орнамын да (“раскладка”) шығарған.

Бибарыс Сейтақ 

+7 775 965 7789