Қазақстанда кейінгі бір жылда еттің барлық негізгі түрі айтарлықтай қымбаттады. Әсіресе қой және сиыр еті бағасының өсуі көзге түседі: сәуір айының қорытындысы бойынша олардың құны тиісінше 23,5 және 20,9% артқан. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Energyprom.kz деректері бойынша, биылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстанда ірі қара мал, шошқа, қой, ешкі және жылқының жаңа әрі мұздатылған етінің өндірісі 25,7 мың тонна болды.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8% төмен. Осылайша елде ет өндірісі екінші жыл қатарынан қысқарып отыр. Соған қарамастан, кейбір ет түрлеріне сұраныс арта түскен. Атап айтқанда, Қазақстан азаматтары сиыр және жылқы етін көбірек тұтына бастаған. Ал қой мен шошқа етін тұтыну көлемі біртіндеп азайып келеді, — делінген хабарламада.
Сарапшылар мұны бағаның айтарлықтай өсуімен байланыстырады.
Сәуір айындағы мәлімет бойынша, қой еті бір жыл ішінде 23,5% қымбаттаған. Сиыр еті бағасы 20,9%, жылқы еті 14,5%, ал шошқа еті 13,7 % өскен. Жалпы, Қазақстанда ет бағасы бірнеше жылдан бері тұрақты өсіп келеді. Әсіресе халық ең көп тұтынатын сиыр және қой етінің қымбаттауы отбасылық бюджетке түсетін жүктемені арттырып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, өндіріс көлемінің төмендеуі, шығындардың өсуі және сұраныстың сақталуы алдағы уақытта да ет нарығындағы бағаға әсер етуі мүмкін.
