Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Сұлтан Сәрсемәлиев ісі: бұрынғы жұбайының сараптама нәтижесі белгілі болды

Видео скрині
Атырау облысының прокуратурасы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты сараптама қорытындысы жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Ақ Жайық» мәліметінше, Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева Алматыда стационарлық кешенді психологиялық-психиатриялық сараптамадан өтті. Атырау облысының прокуратурасы сараптама қорытындысын жариялап, әйелге қатысты тергеудің қазіргі статусына түсініктеме берді.

Прокуратура Алматыда жүргізілген стационарлық кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша мамандар оған әрі қарай бақылау қажет деген қорытынды жасағанын хабарлап отыр.

Алматыдағы стационарлық кешенді сот психологиялық-психиатриялық сараптамасының қорытындысы бойынша, Ақбаян Мұқанғалиева динамикалық бақылау мен дифференциалды диагностикадан өтуі қажет, – деп мәлімдеді қадағалау органы.

Прокуратура оның процессуалдық мәртебесіне де тоқталды. Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 27 сәуірде Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қозғалған қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Алайда оған қатысты тергеу толық аяқталған жоқ. Негізгі қылмыстық істен қылмыстық кодекстің 434-бабы – «Қылмыс туралы хабарламау» бойынша бөлек іс өндірісі бөлініп шығарылған.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, Мұқанғалиеваның әрекетіне әлі түпкілікті құқықтық баға берілген жоқ. Оған қатысты қандай да бір бұлтартпау шарасы таңдалмаған.

Қылмыстық қудалау органы істі дұрыс шешу үшін қажет және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық әрі объективті зерттеу мақсатында барлық қажет шараны қабылдап жатыр. Тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады, – делінген хабарламада.

Прокуратура сонымен қатар қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін еске салды.

Еске салайық, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында бұрынғы жұбайының төрт туысын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты іс қаралып жатыр.

Сот отырыстары барысында Ақбаян Мұқанғалиеваның есімі қылмысқа дейінгі және одан кейінгі оқиғаларға байланысты бірнеше рет аталған.