Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстан...

Батыс Қазақстан облысында ауыл әкімдері сайлауы өтті

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов баспасөз маслихатында сайлаудың қорытындыларымен таныстырды.

Комиссия төрағасының берген мәліметі бойынша, 90 округтегі әкімдердің өкілеттік мерзімінің аяқталып, 5 округте әкімдердің өкілеттіктерінің мерзімінен бұрын тоқтатылған. Нәтижесінде сайлау 95 округ бойынша өтті. Ауыл әкімі сайлауына 289 үміткер тіркелді. Олардың 279-ы сайлауға қатысса, 10-ы өз еркімен сайлауға түсуден бас тартты. Әр сайлау округінен бір орынға үш адамнан таласқан.

«Сайлаудың алдын ала қорытындылары бойынша 95 әкім сайланды. Олардың 88-і, яғни 92,6 пайызы ерлер, жетеуі – әйел, 7,4 пайызды құрайды. Сайлау науқаны ережеге сай өтті. 45 күн бойы аудандық, қалалық сайлау комиссиялары жұмыс істеді. Сайлау жақсы өтті. Мысалға, үш үміткердің бірі Шоқан Мұсағалиев 66 пайыз дауыс алып, жеңіске жетті. Екінші үміткер 33 пайыз дауыс алды. Тайпақ ауылдық округінде Болат Шәленов 58 пайыз  дауыс алса, екінші үміткер Боранбай Қыдырғожин 41 пайыз дауыс алды. Сайлауда үміткерлер арасында шынайы бәсеке, күрес болды»,- деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.

Таңдаушылар отырысына 169 депутаттың 150-і немесе 88,8 пайызы қатысып, өз таңдауларын жасады. Сайлауға 24,201 млн. теңге қаралды. Былайша айтқанда, әр ауылдық округке 841 мың теңге, әр үміткерге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 67 мың теңге бөлінді.

Cайланған әкімдердің 54-і (56,8 пайызы), яғни тең жартысынан астамы — бұрыннан осы қызметті атқарып келгендер.

Еске сала кетейік, 2017 жылғы 11 шілдеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «ҚР-дағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес 4-24 тамыз аралығында ауыл әкімдерін сайлау науқаны өтеді.

Тоқтар Ғабдірешұлы