Перизат Қадірбекова: Арманым – дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы атану

«Дзюдо — тек ұлдардың күресі деп ойлайтынмын»

Биыл дзюдомен айналысып жатқаныма 8 жыл болыпты. Ата-анамның ықпалымен спортқа қызығушылығым оянып, алғашында күреске қатыстым. Өзім доп ойындарына қызыққаныммен, ата-анамның «дзюдоға қатысып көр» деген бір ауыз сөздерін жерге тастамай, 5-сыныпта оқып жүргенімде дзюдоға бардым. Шыны керек, бастапқыда қызығушылығым болмады әрі бұл — тек ұлдардың күресі деп ойладым. Алайда уақыт өте келе қызығушылығым оянып, жарыстарға қатыса бастадым. Әрине, бұл орайда тренерімнің сіңірген еңбегі зор. Ал қазір дзюдосыз өмірімді елестете алмаймын (күліп).

Екі жыл бойы 78 келіге дейінгі салмақта күрестім. Биылдан бастап 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шығып жүрмін. Қазіргі кезде екі салмақтағы қарсыластарым да әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарында топ жарып жүр. Сондықтан еліміздегі дзюдошылардан «мынау менің қарсыласым» деп нақты ешкімді атай алмаймын. Бірақ, бәрімізде нақты бір мақсат бар. Ол — жеңіс тұғырынан көріну. Сол үшін осал болмауға тырысамыз. Ал әлемдік қарсыластардан менің салмағымда Жапония мен Германия, Корея елдерінің дзюдошыларын мойындаймын. Еуропаның қыздары күш, физика, техника жағынан мықты.

Перизат жаттығу кезінде
Жаттығу кезінде ©Перизат Қадірбекованың жеке мұрағатынан

Үлгі тұтатын тұлғам — 78 келіге дейінгі салмақта екі дүркін олимпиада, әлем чемпионы, АҚШ дзюдошысы Кайла Харрисон. Оның күрестерін жиі көріп, әдістеріне қарап жаттығып, өзіме керектігін алып отырамын.

«Күресудің әдіс-тәсілдерін ешкім үйретпейді»

Күн тәртібім оқуға барудан басталады. Кешке 3 сағат уақытымды жаттығу залына арнаймын. Осы режим күнделікті қайталанады. Дзюдодағы ең алғашқы бапкерім — Саржанов Марғұлан. Қазіргі күні Рахманбердиев Жанболат есімді бапкеріммен дайындалып жүрмін. Ал оқу-жаттығу жиындарында қыздар құрама командасының бас бапкері Алпысбаев Ерлан ағай жаттықтырады.

2017 жылғы Азия чемпионаты
©Перизат Қадірбекованың жеке мұрағатынан

Биыл Оңтүстік педагогикалық мемлекеттік институттың 2-курсын тәмамдадым. Мамандығым — спорт маманы. Болашақта жаттықтырушы болғым келеді.

Спортшы қатесіз күресуі керек. Сол себепті жаттығу залында қатемен жиі жұмыс істеймін. Жаттығу кезінде тренермен ақылдасамын.

Негізі жаттығу кезінде көп қиналамыз. Тренерлеріміз «жаттығуда қиналыңдар, сонда жарыс оңай болады» деп үнемі айтып жүреді. Мен үшін 2016 жыл қатты қиынға соқпады. Бірақ, биылғы Азия чемпионатының финалдық кездесуінде қиналғаным рас. Сол кездесуде Корея елінің дзюдошысымен шықтым. Голден скорды қоса есептегенде, 7 минуттай күрестік. Шүкір, жеңіс маған бұйырды.

2016 жылғы Азия чемпионаты©Жеке мұрағатынан

Бізде Еуропа кубогынан соң 3 күн оқу-жаттығу жиындары өтеді. Бірақ, ешкім күресудің әдіс-тәсілін үйретпейді. Тек тренерлеріміз ғана ақыл-кеңестерін береді.

«Мақсатым — әке үмітін ақтау…»

Алғашқы жеңісім…(ойланды). Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында дзюдодан алғаш рет жеңімпаз атандым. Сол жеңісіме ата-анам қатты қуанды. Перзентінің биіктен көрінуі қай ата-ана үшін де мәртебе ғой. Сол уақыттағы әкем маған: «Міне, спортта осындай жетістіктерге жету керек. Бұл сенің алғашқы қадамың», -деп айтқан еді. Әкемнің осы сөзінен кейін менде нақты мақсат пайда болды. Ол — әке үмітін ақтау…

Әкем — бас инженер, анам — мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Отбасымызда 5 ағайындымыз. Екі әпкем және екі інім бар. Кіші інім спортпен айналысып жүр. Бұйырса, жақсы жетістіктерден көреміз деп ойлаймын.

Отбасымен
Отбасымен ©Перизат Қадірбекованың жеке мұрағатынан

Спортта сенімді достарым өте көп. Татамиде қарсылас болып шықсақ, жеңіс мықтыға бұйырады. Оған ренжімейміз.

Басты қателігім — кейбір жарыстарда өзіме деген сенімсіздік. Спортшы жеңіске жету үшін өзіне сенімді болу керек. Сенімсіз спортшы биік шыңдарды бағындыра алмайды.

«Оңтүстік Корея елінің балуанынан екі рет ұтылдым»

2016 жылы Үндістанда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атандым. Алғаш рет жеңіс тұғырынан көрінгеннен болар, осы жеңісім есімде ерекше қалды. Әр спортшының арманы — әнұранымызды шырқатып, көк туымызды көкте желбірету болса, сол арманым орындалды. Бұл жеңістен кейін өзіме деген сенім пайда болды.

Бұған дейінгі Азия чемпионаттарында екі рет Корея елінің балуанына ұтылып, қола жүлдеге ие болған едім. 2016 жылғы Азия чемпионатында  басты қарсыласым тағы да Оңтүстік  Корея елінен болды. Содан «екі рет ұтылдым, үшіншісінде де ұтыламын ба?» деп намысқа тырысып, нәтижесінде жеңіс тұғырынан көріндім.

Болашақ арманым  – елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы атану. Ол үшін әлі көп жаттығуым керек.

Сұхбаттасқан  Айзада Жайыққызы

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.