Дін істері және азаматтық қоғам министрі: Қажылық — туристік сапар емес

Мұсылмандар үшін айтулы оқиғалардың бірі — қажылық маусымы жақындап қалды. Осыған байланысты еліміздегі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Сауд Арабиясындағы қажылық істері министрлігімен жыл сайынғы бөлінетін квота жөнінде келісім жасады.

Биыл 2,5 мың қазақстандық қажылық парызын өтеп қайтпақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникация қызметінде өткен пресс-конференцияда Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев айтты.

«Қажылық — туристік сапар емес, діни шара. Сондықтан оған салмақты қарау керек. Біз қажылыққа барушылар үшін жағдайды жасап отырмыз. Авиатасымал лоттарын да ауыстық. Биыл қажылыққа баратын адамдарды тасымалдау құқығы Scat Airlines авикомпаниясына берілді»,-деді министр.

Министрлік сапар кезіндегі көлденең оқиғалардың алдын алу үшін қажылық миссиясын қолға алып жатыр. Оған Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының мамандары, ғылым докторлары, теолог ғалымдар, имамдар, қажылық сапарды ұйымдастырушылар кіреді.

Министр Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, қажылық сапарға баратын адамдардың бәрі менингококк инфекциясына қарсы екпе алуы үшін барлық жағдай жасалған.