Қазақстанның әйелдер мен ерлер құрамасы тарихында бірінші рет индорхоккейден әлем чемпионатына барады.
Қазіргі таңда осы спорт түрінен әйелдер құрамасы Азия Кубогінің бес дүркін жеңімпаздары атанып үлгерген. Биылғы жылы ерлердің құрамасы да жақсы нәтижеге қол жеткізіп, үздіктердің қатарынан көрінді.
Әлем чемпионатына баратын құрама толығымен Алматы облысынан жасақталған. Олар жаттығуларын облыс орталығы — Талдықорған қаласында өткізіп жатыр. Онда әлемдік стандарттарға лайықталып салынған арнайы алаң бар. Енді тек құраманың қаржылай мүмкіндігін арттыру жұмыстары қалған.
Хоккей федерациясының президенті Серік Үмбетовтың айтуынша, бұл мәселені шешу өте күрделі болған екен.
«Қаржылай қиындықтарды еңсеру қиын болды. Ол бар-жоғы 76 миллион теңге еді. Бүгін облыс әкімімен сөйлестім. Ол кісі бізді қолдап, қаражат бөлетінін айтты»,- дейді федерация президенті.
Құраманың ойыншылары болса, қолдау танытып жатқан барлық демеушілеріне алғыс білдіре отырып, әлем чемпионатында сенімді ақтау үшін барын салатындарын айтты.
«Азия чемпионатын жеңу — бір мәселе. Ал, әлем чемпионатынан олжалы қайту болса, көп дайындықты қажет етеді. Әрине, біз бар мүмкіндігімізді пайдаланып, қолымыздан келгенше жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз»,- деді хоккейден әйелдер құрамасының капитаны наталья Гатауллина.
Айта кетейік, индорхоккей дегеніміз — хоккейдің жасыл алаңдағы түрі. Алаңның көлемі — 20х40 метр. Әр командада бес ойыншы мен бір қақпашы болады. Кездесу 20 минуттық екі таймнан тұрады. Бұл спорт түрі олимпиада ойындарының бағдарламасына кірмейді.