Астанаға әйгілі Голливуд актері Николас Кейдж келді

Балалар байқауының ашылуына қала әкімі Әсет Исекешев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсаходжаева да қатысты.

Актер шара барысында мүмкіндігі шектеулі балалармен кездесті. Сондай-ақ, қала әкімімен бірге Оқушылар сарайы алдында «Бес құрлықтың» символы іспеттес ағаш отырғызды.

Николай Кейдж
©kazinform.kz

Бұл шарадан соң актер Қазақ ұлттық өнер университетіне барды. Әйгілі голливуд жұлдызына домбырашылар Құрманғазының «Адай» күйін орындап, өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, университет студенттері «Көзімнің қарасы» әнін орындап берді.

Николас Кейдж актерлік жолға қалай келгенін де студенттерге ақтарыла отырып айтып берді.

Николай Кейдж
©Brod.kz

«Шынымды айтсам, басында кастингтер кезінде маған ылғи «Жоқ!» деп жауап беретін. Жоқ, жоқ, жоқ… Өз-өзіме деген сенім жоғала бастады. Бір ретте қатты алаңдап кеткенім сонша, жаңағы «жоқтардың» кесірінен ауруxанаға да түстім. Содан кейін тағы бір кастингке баруға бел будым. Өтіп кеттім! Негізі, менен жақсы жазушы да шығатын еді», — дейді Кейдж.

Өнер университетінде болған шарадан кейін актерға арнайы дастарxан жайылды. Университет ректоры Айман Мұсаходжаева Голливуд жұлдызына қазақтың шапанын сыйға тартты.

«Николасқа қазақтың шапаны өте ұнады. Түсі де, материалы да жақсы деді. Тіпті, онымен фильмге де түсуге болатынын жеткізді», — деді Айман Мұсаходжаева.

Шапан үшін риза болған актер Николас Кейдж алғысын білдірді. Тіпті еліміздегі киножобаларға түсуге қарсы еместігін жеткізді.

«Мен осы елдің киножобасына қуана қатысар едім. Баспасөз-конференциясы басталмай тұрып, «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің режиссерімен кездесіп, бірінші маусымын сыйлыққа алдым. Мен жаңа жерлермен танысқанды жақсы көремін, сондықтан Қазақстан мәдениетімен таныс болу маған өте қызық»,-деді актер.

Айта кетейік, «Бес құрлық» балалар киносының байқауы Астанада 23-27 шілде аралығында өтеді. Ал фестиваль 22-28 шілде аралығында жалғасады.