Басты бетЖаңалықтарОрал өзенінің...

Орал өзенінің күні — Қазақстан мен Ресейдің бірлескен бренді

Экспедицияның идеялық дем берушісі әрі көшбасшысы Елена Тарасенко ардагерлерді, эколог-ғалымдар мен өлкетанушыларды, қоғам қайраткерлері мен жастарды, масс-медия өкілдері мен спортшыларды, туризм және спорт ұйымдастырушыларын бұл жолы да өз туы астына біріктіре білді. Бүгін экспедиция мықты достық қарым-қатынас орнаған көршілес Орынбор жерінен бастау алмақ. Ресейлік ағайын Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған бір топ өңір делегация мүшелерін Орынбор облысының Елек ауданы маңынан қарсы алмақ.

Экспедиция бағдарламаға сәйкес Ресей жерінің Подстепки ауылынан 21 шілдеде қозғалатын болады. Бірнеше күнге есептелген экспедиция барысында Оралдың Бірыңғай күндері мерекесін атап өтуге орай Батыс Қазақстан облысы мен Орынбор облысының өңір басшыларының басқосуы, түрлі жиындар мен мерекелік концерттер, жастар флешмобтарын өткізу жоспарланған.

Мерекелік шаралар аясында ағымдағы жылдың көктемінде Орал өзені туралы екі ел арасындағы ортақ хаттамаға сәйкес БҚО облыс әкімі А.Көлгінов пен Орынбор облысының губернаторы Ю.Берег ресми түрде бекіткен Оралдың Бірыңғай күндері мекемесінің символы орнатылатын болады. Осы айтулы күнге орай «Орал өзеніне қомқорлық жасай отырып, бауырлас халықтардың елдері мен достығын сақтаймыз» тақырыбында тарихи-экологиялық конференция өткізіледі.

Орал-Жайық экспедициясы Орынбор облысының сулы аймақтарында өткізіледі. Бұдан соң экспедиция Батыс Қазақстан облысының Бөрлі, Шыңғырлау, Теректі аудандарындағы Успеновка, Жаңаталап, Жарсуат, Ақсуат ауылдарында, Орал қаласының Желаев, Зашаған кенттеріне аялдап, жергілікті тұрғындармен кездесіп, түрлі мәдени-спорттық шаралар өткізеді.

Екі елдің бірлескен жаңа брендінің шарықтау шегі 26 шілде күні Орал қаласында өтетін «Қоршаған ортаны жақсартудағы әйелдердің рөлі» атты халықаралық форум болмақ.