ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарына арналған дәрілік заттардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрықты бекітті.
Аталған бұйрық 2018 жылдан бастап күшіне енеді.
Бұйрық бойынша, амбулаториялық деңгейде қамтамасыз етілетін дәрі-дәрмектің тізімі жасалды. Тізімде артериалдық гипертензия, асқазанның ойық жарасы, тыныс демікпесі, қатерлі ісік аурулары, туберкулез, гематологиялық аурулар, гемобластоздар, аплазиялық анемия, балалардың церебралдық сал ауруы, псиxикалық аурулар, АИТВ инфекциясы сияқты 48 түрлі ауруға қажетті дәрілер бар.
Жаңа тізім Бехтерев ауруына арналған дәрілермен толықтырылды.
Дәрілердің жаңа тізбесі тиімділігі дәлелденген 59 жаңа дәріден, 256 дәрілік заттардан, оның ішінде 385 дәрілік түрлерінен тұрады. Алдағы уақытта 2 млн-нан астам диспансерлік ауру тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмек.
«Енгізілген өзгерістер мүгедектік деңгейін, әлеуметтік маңызы бар аурулардан өлім-жітімнің көрсеткіштерін төмендетуге бағытталған» — деп атап өтті министрлік.