ҰБТ
Көрнекі сурет

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары басқармасының сарапшысы Аяулым Берекенова талапкерлердің шекті ұпай жинауы мемлекеттік грантқа ілігуіне әсер етпейтінін айтты.

«Өйткені, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының шарттарына сәйкес, техникалық және кәсіптік білім оқу орындарына түсе алмаған, білім алуға мұқтаж 24 жасқа дейінгі 9-11-сынып бітірген түлектерге беріледі»,-дейді Аулым Берекенова.

Сондай-ақ, аталған бағдарлама бойынша тегін кәсіптік білім алу үшін түлектерден ештеңе талап етілмейді, тек оқуға ниет білдірсе болғаны.

«Техникалық және кәсіптік білім алғысы келетін жастар халықты жұмыспен қамту орталықтарына, әкімдерге, білім беру және жұмыспен қамту саласындағы жергілікті атқарушы органдарға Бағдарламаға қатысу туралы өтінішпен жүгіне алады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта әрбір өңірде білім алуға мұқтаж жастарды айқындау мақсатында мобильдік топтар жұмыс істеуде. Мобильдік топтардың құрамына әкімдіктердің, білім беру ұйымдарының, жергілікті полиция қызметінің, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, жастар ұйымдарының өкілдері мен еріктілер кіреді. Мобильдік топтар жыл сайын 20 тамызға дейін оқуға үміткерлердің тізімін қалыптастырып, деректерді тексеру үшін ХЖО орталығына жібереді. ХЖО деректерді тексеріп, тексеру қорытындысын білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органға жібереді. Жергілікті атқарушы органдар үміткерлерді хабардар етіп, оқуға жолдамалар береді»,-дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмаған түлектердің саны 14 мыңнан асады. Ал тегін техникалық-кәсіптік оқуға 21 мыңнан астам азамат жіберіледі деп жоспарланған. Оқудың ұзақтығы білім беру бағдарламаларында көрсетілген мерзімдерге сәйкес таңдалған мамандыққа байланысты болады.

«Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысқысы келетін /ересек/ азаматтар оқудан өту үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарына, жергілікті әкімдікке, әкімге (ауыл тұрғындары) Бағдарламаға қатысу туралы өтінішпен жүгінсе болғаны»,-дейді сарапшы.

Сарапшы бағдарламаның басты мақсаты – жұмыссыз, біліктілігі жоқ, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту екенін айтады.

«Ал ол үшін олар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Осы себепті оқу еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша жүргізіледі. Мәселен, аспаз, тігінші, кондитер, бухгалтер, тракторист-машинист, дәнекерлеуші, жүргізуші сияқты кәсіптер оқытылады», -деді Аяулым Берекенова.

ДереккөзBaq.kz