ЭКСПО-ның ең белсенді 20 еріктісіне оқу гранты беріледі

Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Оралов айтты.

«Ең белсенді және ең үздік еріктілерге қала әкімінің бір жылдық оқу гранты беріледі. Жеңімпаздарды супервайзерлер (еріктілердің үйлестірушілері) анықтайды. Одан бөлек, еріктілер алғыс хаттар, сыйлықтар мен жүлделер алады. Сондай-ақ, еріктілердің арнайы формасы әзірленді, онда үш жейде, бейсболка, күрте, рюкзак және термос бар», — деп хабарлады ол.

Басқарма басшысының айтуынша, еріктілер Көрмеге арнайы дайындықтан өткен.

«Барлық 1500 ерікті «Ника» оқыту орталығында арнайы тренерлерден тәлім алды. Онда қала тарихы, Астананың көрікті орындары, ЭКСПО тарихын оқып, шетелдік қонақтармен келіссөздер жүргізудің қыр-сырын меңгерді. Оқыту аяқталған соң барша еріктіге арнайы сертификаттар берілді», — деді Оралов.

Еріктілердің жемісі жұмыс істеуі үшін қала әкімдігі барлық қолайлы жағдайды жасады: бір ауысымда 500 ерікті қалаға шығады, олар Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттер үйіне тегін орналастырылады және барлығы ыстық тамақпен, тегін автобус билеттерімен қамтамасыз етіледі.

Одан бөлек, еріктілер бос уақытында қалада өтетін негізгі концерттер мен іс-шараларға тегін кіре алады және еріктілер үшін отандық жұлдыздармен бейресми кездесу, музыкалық кештер ұйымдастырылады.

ДереккөзInform.kz