Сұранысқа ие мамандар тізімі жарияланды

Жасалған тізімге сүйенсек, Астанаға әлі де болса қарапайым жұмысшылар керек. Ең бірінші тапшылық құрылысшы мамандардың арасында байқалып отыр. Биылғы жылдың өзінде қалаға 3 мың құрылысшы қажет болған. Бұл сұраныс болашақта да сақталып қала бермек. Қажеттілігі жағынан екінші орында әртүрлі жұмыстарды істеп кете беретін қара жұмысшылар тұр. Жыл басынан бері оларға 1 700 вакансия жарияланған.

Ал, дәрігерлер сұранысқа ие мамандардың тізімінде үшінші орында. Биылғы жылы жұмыспен қамту бөлімінен дәрігер мамандарды сұрап 705 өтініш түскен. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш күн санап өсе түседі. Сонымен қатар, Астанада аспаз, менеджер, тазалық қызметкері, жүргізуші, күзетші, ағаш шеберіне де сұраныс бар.

Айта кетейік, Астана қаласының жұмыспен қамту бөлімі жұмыс іздеушілердің өтінішін әлеуметтік желілер арқылы қабылдайды. Қазіргі таңда CZ Astana мобильдік қосымшасы іске қосылған. Ол арқылы жұмыс іздеушілер қай жерде қандай вакансия жарияланғанын біліп отыра алады.