Алматы қаласы мешіттері арасында спорттық шара өтті

Алғаш рет өткен бұл шараға Алматы қаласының 48 мешітінен жамағаттар топ болып қатысты. Спорттық шара барысында арқан тартыс, күрес, асық ату, ләңгі тебу секілді түрлі ойындар ұйымдастырылды. Шараның кіріспесін Алматы облысы әкімінің орынбасары Қырықбаев Арман Оразбайұлы ашты.

діни шара

«Қадірлі жамағат, бүгінгі жұма мүбарак болсын! Осы жердегі барлығыңыз тәуелсіз елдің азаматысыздар. Мен Алматы қаласының әкімдігі атынан баршаңызды еліміздің ұлы мерекесі Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бәріңізге белгілі осыдан 19 жыл бұрын Елбасының сол кездегі шынымен нар тәуекелге барған көреген шешімінің арқасында біз мына Арқаның төсінде Астана дейтін керемет сәулетті қала тұрғыздық. Сол Астана 19 жылдың ішінде тек қана ізгіліктің, жақсылықтың жаршысы болды. Өздеріңіз білесіздер, Астананың төрінде әлемнің барлық діни өкілдері екі жылда бір рет жиналып, арнайы съезд ұйымдастырып жақсылықтың, бейбітшіліктің мәселелерін талқыға салды. Қазір халықаралық ЭКСПО көрмесін ұйымдастырып отырмыз. Осындай еліміздің қарыштап дамуының символына айналған Астананың мерекесі құтты болсын! Осы жақсылықтар елімізге жұғысты болғай! Бүгін біз Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен «Асыл мұра» атты жобаны бастағалы отырмыз. Мұндағы мақсат — қалың бұқараның спортпен айналысуына жағдай жасау, мүмкіндік беру. Екіншіден, қаламыздың 48 мешітіне жиналатын жамағаттардың спорттық салауаттылығын осы бір сауапты іске қатысын жоғарылату, күшейту. Менің білуімше, 48 мешіттің әрқайсысынан кемінде бір команда шығады. Сонда мына жерде 50-ге жуық команда бақ сынасады. Барлығыңызға жеңіс тілейміз!», — деді Арман Оразбайұлы.

Бұдан кейін сөз Алматы орталық мешітінің бас имамы Әуезханұлы Нұрбек қажыға берілді.

діни шара

«Құрметті мұсылман бауырлар! Жұма мүбарак болсын! Бүгінгі күн ерекше. Өйткені, 7-ші айдың 7-сі. Сондықтан, осы бір күнге ерекше шарамызды бастағалы отырмыз. Бұл игі іске бастамашы болған қала әкімдігіне және қызметкерлеріне Алла разы болсын! Мұндай шара бізде алғашқы рет өтіп отыр. Осындай жамағаттарымыз бір-бірімен танысып, білісуге керемет мүмкіндік болуда. Бұл жылдың соңына дейін жалғасады. Алла Тағала бірлігімізді арттырсын. Осындай мерекелік шаралар көп болсын!», — деді Әуезханұлы Нұрбек қажы өз сөзінде.

Бұл пікірді «Нұр-Мүбарак» университетінің ректоры Шәмшадин Керім де қостады.

«Құрметті жамағат! Жұма намаздарыңыз мүбарак болсын! Шара Астана күніне орай ұйымдастырылып отыр. Біздің діни жамағатымыз — ең белсенді топ. Олар тек намаз оқып кетпейді, қаланың барлық өміріне араласады. Жамағаттың ішінде әкім де, студент те, белсенді интеллигент өкілі де бар. Жамағатымыз спорт шараларына, оқуға, білім алуға белсене атсалысады. Сондықтан, олар біздің Қазақстандағы болып жатқан барлық жаңалықтарға бей-жай қарамайды. Астана күні де біз үшін ерекше. Осындай шаралар көбея берсін.Той құтты болсын!», — деді «Нұр-Мүбарак» университетінің ректоры Шәмшадин Керім.

Кіріспе сөзден кейін түрлі спортық шаралар басталды. Сонымен бірге концерттік бағдарлама да қатар жүргізілді. Концертке «Алашұлы» тобының мүшесі Мақсат Рахмет Тұрмағанбеттің «Тәлім» деген термесін орындап, өз өнерін көпшілікке көрсетті.

Ал «Домбыра» тобы Құрманғазының күйі «Адайды» тартып беріп, көпшілікті тәнті етті. Сахнаға шыққан Кішкентай Нұрмұхаммед есімді бүлдіршін кубик құрастырудан өз өнерімен таңғалдырды.

Сондай-ақ, келген қонақтар үшін арнайы киіз үйлер тігіліп, балаларға батут қалашығы мен ойын алаңдары салынып, түрлі сайыстар ұйымдастырылды, сондай-ақ, тегін тәтті тағамдар мен сусындар таратылды.

Шара қорытындысында спорттық сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.