Жер бетінде масаның 3000-нан астам түрі бар. Олардың тек 200-ге жуығы адамның қанымен қоректенеді. Қансорғыштардан сақтанудың мынадай жолдары бар.
Жиі душ қабылдау
Масалар жағымсыз иісті жақсы көреді. Тердің, бұзылған тамақтың немесе денедегі бактериялардың иісі қансорғыштарды шақырады. Сондықтан, жаз айында жиі душ қабылдаған дұрыс.
Киімге мән беріңіз
Масаның тұмсығы үшкір болғанымен, әлсіз. Сондықтан, масаның шағуынан сақтану үшін қатты материалдан тігілген киімдер киіңіз. Жаздың күні қансорғыштардан сақтану үшін қалың киініп жүру міндет емес. Тек масаның тұмсығы өтпейтініне сенімді, берік киімдер кисеңіз жеткілікті. Ашық түсті киімдерді масалар онша ұнатпайтынын есте сақтаңыз.
Масаға қарсы крем
Денеге арналған лосьон, крем немесе басқа да косметикалық құралдар масаның шағуынан сақтайды. Аталған крем мен лосьонның құрамында масалар ұнатпайтын шөптердің, спирттің және тағы басқа химиялық заттар болады. Сондықтан, осы заттар арқылы масадан қорғануға болады.
Желдеткіш
Үй жағдайында желдеткіш қосу арқылы «қонаққа келетін» масалардың алдын алуға болады. Желдеткіштің күшін көбейту арқылы масалардың ұшу траекториясын өзгертуге, тіпті, оларға арналған қақпан құруға болады. Бұл сіздің фантазияңызға байланысты.
Масалар ұнатпайтын иістер
Масалар қазтамақтың, қызанақтың және райхан гүлінің иісін жақтырмайды. Егер сізге аталған өсімдіктердің иісі ұнаса, масалармен дос болмауға жақсы себеп. Райхан гүлі салынған ыдысты терезенің алдына қойсаңыз, масаларға тосқауыл жасай аласыз. Тіпті, жаз айында аталған өсімдіктерді бөлмеңізде өсірсеңіз, маса сіздің үйіңізге мүлде жоламайтын болады. Есесіне, «Бір оқпен екі қоян атып аласыз». Маса да мазаңызды алмайды, өсімдіктердің жемісін жейсіз.
Масалар түтіннің иісін де ұнатпайды. Егер кешкілік уақытта сыртта серуендеуге бел бусаңыз немесе кешкі асты табиғат аясында ішкіңіз келсе, от жағып түтіндетіп, «шақырылмаған қонақтардан» құтылуға болады.
Маса шағып алған жағдайда
Маса шаққан жағдайда, ең алдымен ұстамдылық танытыңыз. Маса шаққан орынды қасуға, тырнауға болмайды.
Маса шаққан орынға йод ерітіндісін жағып қойыңыз.
Алоэ мен қазтамақтың (герань гүлі) жапырақтарын маса шаққан жеріңізге басыңыз.
Егер маса шаққан жер ісіп кетсе, шай қалташасын немесе шай самасын басыңыз. Оның құрамындағы танин ісікті басуға көмектеседі.
Денеңіз бөртіп кетсе, айран, қаймақ сияқты сүт өнімдері теріні тыныштандырады.