Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Астанада 2027 жылы үстел теннисінен өтетін әлем чемпионаты Қазақстанның туризміне қаншалықты әсер етеді

Фото: gov.kz
Елордада Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясы мен Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионатын дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің туристік операторлар және елдің туризм саласы өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Әлем біріншілігіне дүниежүзінің үздік спортшылары, халықаралық делегациялар, жанкүйерлер, спорт және бизнес индустриясының өкілдері, сондай-ақ Азия, Еуропа және әлемнің басқа да өңірлерінен келетін туристер қатысады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Чемпионатқа 1 500-ден астам ресми делегаттың, мыңдаған шетелдік жанкүйердің қатысуы және Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа елдері мен Таяу Шығыс мемлекеттерінен келетін туристер ағыны болжанып отыр. Бұл турнир тарихи оқиға болмақ, өйткені үстел теннисінен әлем чемпионаты алғаш рет Орталық Азияда өтеді.

Astana 2027 әлем чемпионатының қонақтары мен жанкүйерлері үшін түрлі санаттағы арнайы туристік пакеттер әзірленеді. Олардың құрамына матч билеттері, қонақүйлерде тұру, трансфер қызметтері, Астана қаласы бойынша экскурсиялар, кәдесый өнімдері және мәдени бағдарлама кіреді.

Сондай-ақ спортшылар мен жанкүйер арасында кездесулер, арнайы аймақтарға кіру мүмкіндігін және чемпионат қонақтары мен қатысушыларына арналған бірегей іс-шараларды қамтитын эксклюзивті бағдарламалар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Ынтымақтастық аясында ұйымдастыру комитеті туристік серіктестерге билеттердің ресми квотасын, туристік пакеттерді қалыптастыру мүмкіндігін, чемпионаттың ресми туристік серіктесі мәртебесін, ресми рәміздерді пайдалану құқығын, сондай-ақ маркетингтік және ақпараттық қолдау ұсынады. Өз кезегінде туроператорлар халықаралық нарықта туристік пакеттерді әзірлеп, сатумен айналысады, клиенттердің логистикасы мен сүйемелдеуін ұйымдастырады және өз елдері мен өңірлерінде туристік ұсыныстарды насихаттайды.

Бірлескен бастамаларды жүзеге асыру Astana 2027 әлем чемпионатын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға, Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға және шетелдік қонақтар мен чемпионат қатысушылары үшін сапалы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионаты тек ең ірі спорттық оқиға ғана емес, сонымен қатар халықаралық туризмді дамытуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджін ілгерілетуге арналған маңызды алаңға айналады.