Қазақстанда сутегімен жүретін көлік шығарылады

Бұл туралы EXPO-2017 көрмесiндегі «Жасыл экономика коалициясы» инженерi Асқар Жұбатжанов айтты.

«Бiз Жасыл экология аясында сутегi генераторын жасап жатырмыз. Осы жұмысқа Қазақстан-Британия университетiнiң зертханасы да қосылды. Себебi, сутегi – ол болашақ энергиясы. Бiз жасап жатқан сутегi генераторын түрлi қуаттағы автокөлiктерге, автобустарға орнатуға болады. Бұндай генератор қозғалтқыш күшiне байланысты отынды шамамен 25-45 пайызға үнемдейдi. Сондай-ақ, ол экологияны таза ұстауға септiгiн тигiзедi. Ауаға бөлiнетiн зиянды қалдықтар шамамен 2 есеге азаяды, көмiртегi қышқылы мүлдем бөлiнбейдi. Сутегiнi пайдаланған автокөлiктiң отыны толық жанып кетедi, күйе қалмайды, қозғалтқыштың жұмысына жақсы әсер етедi. Еуропаның бiрнеше елiнде, Жапония мен Оңтүстiк Кореяда осындай автокөлiктердiң гибрид нұсқалары мен таза сутегi қозғалтқыштары пайдаланылады. Таза сутегi қозғалтқыштарының шығыны көп. Ал бiздiң аз сутегiнi пайдалану ұсынысымыз технопарк шеңберiнде әзiрленсе, үш жыл iшiнде өнеркәсiп деңгейiне жеткiзудi көздеп отырмыз», — дедi А.Жұбатжанов.

Инженер бүгiн Италиядан келген энергетиктер бiрнеше жобасын таныстырды дейдi. Олардың қатарында энергияны сақтау және оны қатты немесе сутегi түрiнде тарату жобалары бар екен.

«Бiзге сутегi күйiндегi энергияны дамыту үшiн олардың технологияларымен танысу қызықты болды», — дейдi маман.

EXPO-2017 көрмесiнде Италия энергетиктерi Қазақстан инвесторларына қоқысты энергияға айналдыруға және электр қуатына кететін шығынды азайтуға мүмкіндік беретін 10-нан астам жобаны таныстырған болатын.

ДереккөзBaq.kz