Шамамен 70-ке тарта борышкер Абай даңғылы мен Әуезов көшесі қиылысындағы бөлімшесіне жиналды.
Азаттық тілшісінің банктен хабарлауынша, ипотекалық қарыз келісімшартын қайта қарауды талап еткен борышкерлерді банк өкілдері мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов жеке-жеке ішке кіргізіп, қабылдады.
Борышкерлердің айтуынша, олар кеше түстен кейін, Ерлан Әукеновпен кездесіп, бүгін банк алдында наразылық шарасын өткізу туралы өтініш білдірген. Әукенов борышкерлерге мәселелерін әр банк басшыларымен жеке сөйлесіп, талқылауды ұсынып, олардан наразылыққа шықпауды сұраған.
Борышкерлер банктен келісім-шарттарында қарастырылғандай «әлеуметтік жағдайына қарап, қарызын шегеру, қайта есептеуді» талап еткен. Кездесуге кірген борышкерлер банк өздерінің талаптарын орындамады дейді. Бірақ «Халық банкі» төрағасының орынбасары Айбар Боданов «қарызын қайта есептеу туралы талап әр борышкердің әлекуметтік жағдайына қарап» орындалатынын ғана айтты.
Борышкерлер әуелде банк талаптарын орындамаса наразылық танытатынын ескерткен. Кездесуден соң талабымыз орындалмады деген борышкерлер келесі аптада наразылық танытатынын айтып, тарқасты.