Басты бетҚожа Ахмет...

Қожа Ахмет Ясауи — мұсылмандардың рухани ұстазы

Қожа Ахмет Яссауи (1093-1166) — қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер. Арыстан бабтан тәлім алған ол жасы жиырмаға келгенде соплылық ілімді үйрену үшін Яссыға барып, өмірінің соңына дейін сонда қызмет етеді.

Қожа Ахмет фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, Шығыс әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды.

Қожа Ахмет Ясауидің сөздері
©SZH.kz

Қожа Ахмет Ясауидің бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – «Диуани Хикмат» . Бұл шығарма алғаш рет 1878 жылы жеке кітап болып басылып шығады. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейінгі өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.

«Диуани хикметтің» қай бетін ашсақ та, әрбір сөзінің астарынан ұлылық, парасаттылық, даналықтың ішкі иірімдері, ел жұртын адалдыққа бастаған таза ниет байқалып тұрады.

Аса ойшыл жанның біздерге қатты ескертіп тапсырып кеткен ең бір аяулы өсиеті адал еңбек. Кімде-кім аянбай жұмыс жасап тер төксе, ол жанның бағы әйтеуір бірде болмаса, бірде жанады.

Қожа Ахмет Ясауидің сөздері
©SZH.kz

Қожа Ахмет Ясауидің өз хикметтеріне Алла Тағаланың пенделеріне деген кеңшілігі мен олардың жасаған күнәларын кешудегі қайырымдылығы арқау етілген. Соған жету үшін негізінен төрт нәрсеге аса көңіл бөлінеді. Олар: шариғат, тарихат, хақихат, мағрифат. «Шариғат» — ислам дінінің заңдары мен әдет ғұрыптарының жинағы «тарихат» — сопылықтың идеясы, сопылық мүддесіне жеткізген жол, «хақихат» — құдаймен бірігу оған жақындау, «мағрифат»— дін жолын танып, оқып білу. Ахмет Ясауидің пікірінше «Шариғатсыз», «Тарихатсыз» «Мағрифатсыз» «хақиқат» болуы мүмкін емес.

Қожа Ахмет Ясауидің сөздері
©SZH.kz

Қожа Ахмет Ясауидің айтуынша, әр іске төзімділік, шүкірлік етіп Құдайға жалбарыну, одан шапағат күту, дүние-мүлік, байлық үшін жанын жалдап, өтірік-өсекке ұрынбау тәрізді мәселелер күнәдан арылудың басты талаптары делінеді.

Қожа Ахмет Ясауидің сөздері
©SZH.kz

Сондай-ақ, ол адамның Аллаға деген сенімінің, ой-пиғылының тазалығына баса назар аударады. Осыдан барып Құдайға деген ықылас артып, мұның ақыры оған қалтқысыз берілген шын сүйіспеншілікке ұласады деп көрсетеді. Ол абсолютты ақиқатты тануға ұмтылған адам селқос қана өмір сүретін «кұдайдың құлы» емес, керісінше, белсенді түрде танымның əрбір сатысынан ізденіс, талпыныс арқылы өтетін өмірге өте құштар, əрдайым жетілген тұлға деңгейіне көтерілуге тырысатын адам екенін алға тартады.

Қожа Ахмет Ясауидің сөздері
©SZH.kz

Ахмет Ясауи өмірінің ақырғы он жылын жер астында жасалған мінәжатханада өткізеді. Сопы «алпыс үшке келдім, енді былайғы өмірім күпірлік, пайғамбардан аспақ күнә» деп өзіне тоқтам жасайды.

«Қазаққа ислам дінін дәстүрлі сенім салтымызға шақтап берген ұлы тұлғалардың бірегейі – Қожа Ахмет Яссауи. Яссауи ілімі мен Яссауи жолы ұлттық санамызда бірге өріліп келеді. Ол – тақуалық, рухани тазару, адам жаны туралы ілім, адамның ар-ожданы, жеке тұлғаның жан дүниесі, өз болмысыңа үңіліп, жамандықтан безініп, кемелдікке жеткізетін ар ілімі»,-деп баға берді өз кезегінде Мекемтас Мырзахметов.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі дайындаған.