Шетелдегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» қоры құрылады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Қандастарға мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау, көмек жасау үшін мынадай жұмыстарды қолға алайық. Біріншіден, шетелдегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» деген қор құрамыз. Мен оны Үкіметке тапсыратын боламын», — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде елімізде қалталы азаматтардың қатары көбейгендігін атып өтіп, сол азаматтардың ел тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ете алатынын айтты.
«Біз Солтүстік Кавказдан келген балқарларды, шешендерді, барлығын үйімізге әкеп тығып тастағанда, құшағымызды жайдық қой. Ал енді өзіміздің қазақтарға неге солай жасамаймыз? Сол қаны қазақ бизнесмендерді осы қорға өз үлестерін қосуға шақырамын. Оны ұйымдастыруды құрылтай басшылығына, Президент Аппаратына, Үкіметке тапсырамын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, құрылтайға барлығы 800 делегат пен қонақ жиналды. Оның 350-і алыс және жақын әлемнің 39 елінен келді. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр.
1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан құрылтай — дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кездесу орны әрі бірегей сұқбат алаңы.