Елімізде жеті мыңнан астам адам жалақысын ала алмай жүр — Тамара Дүйсенова

Дүйсенова ханым биылғы жылдың бес айында 10 мың жұмысшының алдындағы 1, 5 миллиард теңге қарыз өндірілгенін айтты. Оның айтуынша, министрлік зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің төленуін бақылауда ұстап отыр. Енді олар еңбекақы қарызын әлеуметтік төлемдер арқылы анықтауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеп, әкімдіктерге ұсынды.

«Өкінішке қарай, өңірлер бұл ақпараттық жүйенің мүмкіндігін толық көлемде пайдаланбай отыр», — деді Дүйсенова үкімет отырысында.

Министр хабарлағандай, қабылданып жатқан іс шараларға қарамастан қазіргі уақытта жалақы қарызы 88 миллион теңгені, ал мерзімінде төленбеген жалақы сомасы 1,7 миллиард теңгені құрайды. Министрі бұл қарыздың 80 пайызы немесе 1,4 миллиард теңгенің оңалту рәсімінен өтіп жатқан кәсіпорындарға тиесілі екенін атап өтті.

«Өңірлердегі жағдайға тоқталсақ, мерзімі өткен қарыздың жартысынан астамы Алматы қаласына тиесілі. Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында үлкен жалақы борышы сақталып отыр. Бұл жеті мыңнан астам жұмысшының жалақы қарызы екенін атап өткім келеді», — деп атап өтті министр.

Сөз соңында министр жергілікті атқарушы органдардың қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімдерімен бірлесіп, кәсіпорындармен жұмысты күшейтуі керек екенін атап өтті.

ДереккөзSputniknews.kz