Басты бетЖалқаулықпен күресудің...

Жалқаулықпен күресудің тиімді тәсілдері

Жалқаулықты оятатын 3 себеп және одан құтылу жолдары

  1. Көбіне адамдар жалқаулыққа мотивациясының жоқтығынан шалдығады. Мысалы, сіз дүкенде сатушы болып жұмыс істесеңіз және күнделікті жоспар бойынша 10 тауар сатуыңыз керек болса, сіз 11 тауар өткізуге құлшыныс танытпайсыз. Себебі бұл — артық жұмыс. Сол себепті басшылардың көпшілігі қызметкерлеріне пайыздық үстемемен жалақы төлеуді дұрыс деп санайды. Сол арқылы оның да кәсібі алға жылжиды, сіз де көбірек жұмыс істеуге тырысасыз. Егер қандай да бір жетістікке жеткіңіз келсе, мотивацияңызды осындай амалдармен арттырыңыз. Сіз — өзіңізге қожасыз.

Байлық, кедейлік, мотивация

2. Жауапкершілікті мойынға алудан қорқу сезімі де жалқаулықты туындатады. «Тапсырманы орындай алмай қаламын»,» қате істесем, не болады?» деген жалған қорқыныш ұлы жеңіске қол жеткізуіңізге кедергі жасайды. Өзгелердің қолынан келген іс сіздің де қолыңыздан міндетті түрде келеді! Өзіңізге деген сенімділігіңізді арттырыңыз.

3. Кейде жалқаулық ағзаның қорғаныс қасиеті себебінен туындайды. Кейбір еңбекқор, 12 сағат бойы шаршамай жұмыс істей беретін адамдар аяқ асты жалқаулыққа шалдығады. Неге? Ағза оның денсаулығына зиян келуінің алдын алып, жалқаулық сезімін туындатады. Мұндай жағдайда аздаған демалыс жалқаулықтан құтылуға көмектеседі. Ескеріңіз! Мұндай демалысты тек тым көп жұмыс істесеңіз ғана алыңыз.

Жалқаулық туындаған жағдайда мыналарды орындаңыз:

  • Кез келген жұмысқа басқаша көзқарас керек. Оны орындаудың әрдайым екінші оңай нұсқасы табылады. Тіпті үшінші жолы бар екендігіне күмән келтірмеңіз. Барлық істі жаныңыз қалаған, өзіңізге ұнайтын тәсілмен орындаңыз.
  • Егер бүгін бітуі керек іс болса, ақталу іздеп ертеңге қалдырмаңыз. Ешқашан. Өзіңізді дәл қазіргі сәттен бастап тәрбиелеңіз. 21 күн өзіңізге осындай қатаң режим орнатсаңыз, сіз жеңіске жетесіз. Жұмысыңыз да өнімді, өзіңіз де табысты бола түсесіз. Сіздің жеңіске жеткіңіз келеді. Бұл сіздің ішкі қалауыңыз екенін мойындаңыз. Оны жалқаулықпен тұншықтырмаңыз.

Жағдайды қалай өзгертуге болады?

Жалқау адамдардың тобынан алыстаңыз. Айналаңыз толған еріншектер болса, жақын арада сіз де олардың қатарына қосыласыз. Сол себепті ортаңыздың белсенді болуына мән беріңіз. Еңбекқорлар командасын іздеңіз. Бұл да — сіздің жетістікке жетуіңізге көмектесетін мықты қару.

5-6 сағат тамақ ішпей көріңізші. Осы аралықта сіз міндетті түрде ашығасыз. тоңазытқышта және қалтаңызда ештеңе жоқ болса, тамақ әзірлеуге кірісесіз. Бұл — өмір сүрудің, жан сақтаудың амалы. Ол үшін ешқандай мотивация керек емес.

Әр күніңізге мақсат қойыңыз. Оның әр сағатын жоспарлаңыз. Басты талабы: жоспарлар сіз орындай алатын, шынайы құрылған болуы тиіс. Жоспармен жүру үшін де «21 күн қағидасын» ұстансаңыз, сіз нағыз өз айтқанынан қайтпайтын тұлға болып қалыптасасыз. Бүкіл өміріңіздің жемісті болуы үшін, бар болғаны 21 күнді осындай режимде өткізуге жалқауланбаңыз.

Қиын жұмысты қалай жеңілдетуге болады?

  • Орындау керек жұмысыңызды екіге бөліп қарастырыңыз: өте маңызды және маңызы аз жұмыс. Әлбетте бірінші маңызы жоғары тапсырманы орындаңыз. Маңызды істі бітіргеннен кейін өзіңізге көңіліңіз толып, келесі істерге де жақсы көңіл-күймен кірісетін боласыз. Әрдайым тапсырмаларды осындай екі типке бөліп қарастырып отырыңыз.
  • Таңертең ерте тұрып, жұмыс істеңіз. Ертеден жұмыс істеуге мотивацияңызды оятқыңыз келсе, жай ғана сағат түскі 12-де басталған жұмыста өнім аз екенін мойындаңыз.
  • 10 минут ештеңе ойламай, тапжылмастан бір нүктеге қарап отырыңыз. 10 минуттан соң, уақытты текке жұмсаудан жалығасыз. Сол кезде бірден іске кірісіп кетіңіз.

Жалқауланбас үшін, көңіл-күйіңіздің көтеріңкі болуын қадағалаңыз. Көңіл-күйді көтерудің түрлі тәсілі бар. Мысалы, сіздің қандай да бір жақсы атқарған жұмысыңыз үшін бір адамның болсын мақтаған сөзін іштей ғана еске алыңыз. Арасында өзіңізді осылайша жігерлендіріп қойыңыз. Бұл жалқаулығыңыздың қашып, құлшынысыңыздың артуына үлкен көмегін тиігізеді.