Зорлық-зомбылық, буллиң: енді балаларға қатысты істер жедел қаралады

Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен буллиң деректеріне әрекет етудің нақты мерзімдері бекітілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жаңа тәртіп құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заң аясында қабылданған бірлескен бұйрықпен бекітілді.

Енді балаға қатысты зорлық немесе буллиң туралы ақпарат түскен сәтте 1 сағат ішінде ол уәкілетті органдарға жіберілуге тиіс. Ал 1 жұмыс күні ішінде кейс-менеджер тағайындалып, оқиға бойынша сүйемелдеу жұмыстары басталады. Жаңа жүйенің маңызды жаңалығы — кейс-менеджерлер институтының енгізілуі. Олар әрбір балаға жеке қолдау көрсетіп, құқықтары толық қалпына келгенге дейін барлық процесті үйлестіреді, — делінген хабарламада. 

Бұйрықта полиция, білім беру ұйымдары, медицина қызметкерлері және қорғаншылық органдарының жауапкершілік аймақтары нақты бөлінген. Сонымен қатар материалдар үш жұмыс күнінен кешіктірілмей кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолдануға тиіс.

Жаңа тәртіп бойынша мұндай жағдайлар тек ресми шағымдар арқылы ғана емес, балалардың өз сигналдары, 111 байланыс орталығы, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары мониторингі арқылы да анықталады. Барлық жағдайда балаларға медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық көмек бірыңғай стандарт бойынша көрсетіледі. Мемлекеттік қорғау енді тек жәбір көрген балаларға ғана емес, зорлық-зомбылықтың куәгері болған балаларға да қолданылады, — делінген хабарламада.