Оңтүстік Кореяда апелляциялық сот бұрынғы бірінші ханым Ким Кон Хиге қатысты үкімді қатаңдатты. Нәтижесінде бұған дейін тағайындалған 20 айлық жаза төрт жылға дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сеуль жоғарғы соты шешімі бойынша, Ким Кон Хи төрт жылға бас бостандығынан айырылып, 50 миллион вон (шамамен 34 мың доллар) айыппұл төлеуге міндеттелді.
Сот оны Deutsch Motors компаниясының акция бағасын жасанды түрде көтеруге бағытталған манипуляцияларға қатысы бар деп таныды. Тергеу деректеріне сүйенсек, ол осы әрекеттерден 810 миллион вон көлемінде пайда тапқан.
Айта кетейік, Ким Кон Хи бұған дейін пара алу ісі бойынша 20 айға сотталған болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, ол бір ұйымнан қымбат сыйлықтар алған. Экс-президент Юн Сок Ёльдің жұбайы бұл үкіммен келіспей, апелляцияға жүгінген. Алайда прокуратура жазаны тым жеңіл деп бағалап, қосымша эпизодтар бойынша ақтау шешіміне де қарсылық білдірген. Соңғы шешім нәтижесінде жаза күшейтілді.
Бұрынғы бірінші ханым тағылған айыптарды мойындамай отыр.
