Cirque du Soleil алғаш рет ресми гастрольмен Қазақстанға келеді

Әлемге әйгілі Cirque du Soleil өзінің ауқымды әрі әсерлі OVO қойылымын Қазақстанда ұсынады. Шоу 4–7 маусымда Астанада (Барыс Арена), ал 11–15 маусымда Алматыда (Алматы Арена) өтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бұл — Cirque du Soleil-дің Орталық Азиядағы алғашқы ресми гастрольдері. Әр қалада көрерменді жеті қойылым күтеді: төрт кешкі шоу, екі күндізгі сеанс және демалыс күндеріндегі таңғы көрсетілім.

OVO шоуы туралы

OVO — көрерменді жәндіктер әлеміне жетелейтін, толассыз қозғалысқа толы, жарқын әрі ерекше қойылым. Акробатикалық нөмірлерде батуттан көкке атылған шегірткелер мен өрмекшілердің әрекеттері, мәнерлі пластика мен күрделі трюктер, жанды музыка мен визуалды бейнелер бар. ОVO алғаш рет 2009 жылы Монреалда сахналанған, ал 2024 жылы шоу толық жаңартылды: сахналық дизайн, жарық жүйесі, проекция, музыка және костюмдер жаңа кейіпке енді.

Cirque du Soleil
Фото: Cirque du Soleil

Cirque du Soleil туралы

Компания 1984 жылы Канадада құрылған. Cirque du Soleil шоуын әлемнің 86 елінде 400 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Бүгінде компанияда 4000-нан астам қызметкер бар, олардың ішінде 80 елден келген 1200 әртіс жұмыс істейді.

Жаңа платформа Freedom Events концерт индустриясына халықаралық стандарттарды алып келіп, әр жобаны тек шоу емес, көрермен эмоциясы мен ел имиджіне инвестиция ретінде қарастырады.

Cirque du Soleil — бүкіл отбасына арналған әлемдегі ең үздік ойын-сауық жобаларының бірі. Әлемдік турне аясында әртістер Қазақстанға OVO бағдарламасын алып келеді. Біз осындай жобаларды жоғары деңгейде ұйымдастырамыз және жаңа стандарт қалыптастырамыз, — деді Freedom Events CEO Виктория Торгунакова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да