Оралда балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында арнайы профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Түсіндіру жұмыстарына 200-ге жуық бала қатысты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
БҚО әкімдігінің мәліметінше, іс-шара 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аясында және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде өтті. Оны Орал прокуратурасы мен Оралдың полиция басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Кездесу Атамекен балалар лагері базасында өткізіліп, оған 200-ге жуық бала қатысты. Мамандар балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтау, көшені қауіпсіз кесіп өту, жаяу жүргіншілер өткелдерін дұрыс пайдалану және қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтер тағудың маңызы туралы жан-жақты ақпарат берді. Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар үшін интерактивті ойындар ұйымдастырылып, жол қозғалысы ережелеріне қатысты сұрақ-жауап форматындағы танымдық тапсырмалар өткізілді. Балаларға көрнекі құралдар арқылы түрлі жол жағдайлары түсіндірілді, — делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, жолдағы қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған.
Мамандар жазғы демалыс кезінде балалардың көшеде көбірек уақыт өткізетінін ескеріп, жол қауіпсіздігі ережелерін тұрақты түрде еске салып отырудың маңызын атап өтті.
