31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Президент қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етіп, оларды есте сақтау біздің борышымыз деп есептейді.
Құрметті отандастар, біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдың бірінші жартысында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған адамдардың рухына тағзым етеміз. Оларды жадымызда сақтау, заңдылық қағидаты мен әділдік құндылықтарына адал болу – біздің қастерлі борышымыз, — деді президент.
Қазақстанда барша азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғау үшін жүйелі түрде жағдай жасалып жатыр. Мемлекетіміздің осы міндеті 15 наурыздағы жалпыұлттық референдум кезінде қабылданған Конституцияда заң жүзінде бекітілді.
Біз бір қоғам болып, озық ойлы ел құру жолына бет бұрдық. Бұл – елімізде Әділдік, Заңдылық, Отаншылдық, Еңбекқорлық, Табиғатқа сүйіспеншілік қағидаттары айрықша маңызға ие болады, сондай-ақ, ғылымды, жоғары технологияларды, мәдениетті және еріктілер қозғалысын дамытуға баса мән беріледі деген сөз. Қазір бүкіл әлем жұрты Қазақстанды барлық салада тек алға қарай қадам басып келе жатқан ел ретінде таниды. Біз бұдан да биік белестерді бағындыру үшін қоғамымыздың ынтымақ-бірлігі мен тұрақтылығын нығайта беруіміз керек. Қазақстанның болашағы әрдайым жарқын болмақ! Мен бұған кәміл сенемін, — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
