Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жалақысыз қалғанын айтты

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Не болды?

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров бес айдан бері жалақы алмай, дәрігердің ресми қарауынсыз қалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Михаил Шайдоров Олимпиаданың жаңа маусымына дайындықты бастай алмай отырғанын айтып, Тимур Балымбетовке сұхбат берді.  

Шайдоровтың сөзіне қарағанда, мәселе жалақысы туралы ақпарат жарияланғаннан кейін басталған. Спортшы бұл әрекетті өзіне деген құрметсіздік деп бағалады. Себебі спортшылардың ішінде өзінің табысы ғана көпшілікке жарияланған.

Бұл туралы қарсы пікір білдіргеннен кейін, мені жазалағысы келгендей болды. Олимпиададағы жеңістен бері еңбекақы алмай жүрмін. Қазір келесі маусымға дайындалуым керек, бірақ қалай дайындалатынымды білмеймін. Оқу-жаттығу жиыны жоспарланған, бағдарламаны қоятын уақыт та белгіленген. «Бағдарлама қою шығынын өтей ме?» деп бірнеше рет сұрадық, алайда жауап жоқ. Жалпы жағдай түсініксіз. Ал 1 ақпаннан бастап дәрігердің қарауынан шет қалдым. Бұл — түсініксіз жағдай, – деді Шайдоров.

Спортшы, әдетте, қолдау жетпесе жасырмайтынын айтты. Дегенмен 2025 жылдан бастап мұз айдыны мен дайындыққа көмек қажет болғанда Алматы әкімдігі мұз аренасын берген.

Әкімдікке рақмет, маған мұз айдынын берді. Өзімнің жеке киім ауыстыратын бөлмем бар. Бұл менің арманым еді. Қазір қала барынша қолдауға тырысып жатыр, – деді спортшы.

Алайда Шайдоров әлі күнге дейін өзінің де, командасының да еңбекақы алмағанын айтты. Сонымен бірге Шайдоров өзіне Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағы да берілмей отырғанын жеткізді.

Мәнерлеп сырғанаушының айтуынша, жағдайдың ушыққанын қаламайды. Бар мақсаты спорттағы мансабын дамытып, халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғағысы келеді.

Министрлік жауабы

Осы жағдайға орай, туризм және спорт министрлігінің спортты дамыту дирекциясы пікір білдірген.

Михаил Шайдоровқа 2026 жылдың қаңтар және ақпан айындағы еңбекақысы төленді. 2026 жылдың наурыз айынан бастап жаңа келісімшарт жасау жоспарланған. Жаңа келісімде келесі олимпиада маусымына қажет қаржыландыру мен дайындықтың жаңарған шарты қарастырылған. Қазір қос тарап келісімшартты талқылап жатыр, — делінген пікірде.

«Миша неге келіспегені түсініксіз»

Бұл  туралы спорт журналисі Аслан Каженов де пікір айтты.

Олимпиада чемпионының сұхбатын көрдім. Министрлік берген жауапты да оқыдым. Миша бес ай еңбекақы алмадым деп мұңын шағып отыр. Алайда қаңтар мен ақпанда алған. Кейінгі айларда алмағаны рас. Себеп — келісімге қол қойылмаған. Келісімшарт болмаса, мемлекет қалай төлейді? «Неге қол қойылмаған?» деген сұрақ туындайды. Ол жерде алдағы маусымның дайындығы мен нәтижесіне қатысты міндеттеме бар. Құжат барлық чемпионға ұсынылады және бәрі келіседі. Миша неге келіспегені түсініксіз. Мемлекет қазынасынан үлкен көлемде қаржы бөлінгесін, сәйкесінше, жауапкершілік те жүктей алады ғой, — деп жазды Аслан Қаженов.

Ол спортшының еңбегі ерен екенін де айтып өтті.

Иә, Михаилдың еңбегі ерен. Олимпиада чемпионы болу екінің бірінің қолынан келмейді. Бір жақты мемлекетті де төпелей беруге болмайды. Оның үстіне министрлік қазір спортшыдан бас тартып отырған жоқ. Керісінше, ресми түрде жаңа келісім дайындалып жатқанын және қаржыландыру жалғасатынын айтты, — дейді спорт журналисі.

Желі қолданушыларының дауға қатысты ойы екіге жарылды. Бірі спортшының сөзін қолдаса, бірі мемлекеттен қолдау жоқ екеніне наразы. «Мәнерлеп сырғанау арзан спорт түрі емес», «еңбекақысы айтарлықтай көп деп ойламаймын», «спортшыға көмек бермейтін ел де бар ғой» деген пікір жазылды.

 

Контекст

Естеріңізге салайық, Михаил Шайдоров — 2026 жылғы Милан Олимпиадасының чемпионы және 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан алғаш алтын алған спортшы. Тәуелсіз Қазақстанның қысқы Олимпиададағы екінші алтын медалін ел қоржынына салды. Бұған дейін мұндай жетістікке 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов жеткен.