Қазақстан ІІМ мен Ресей ІІМ іздеуде жүрген қылмыскерлерді анықтау және ұстау бағытындағы өзара іс-қимылды күшейтіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Polisia.kz мәліметінше, жыл басынан бері Ресей аумағында Қазақстан ішкі істер органдары іздестірген 27 қылмыскер анықталған. Оның ішінде 14 адам ұсталып, 13 адамның жүрген жері белгілі болған.
Қазақстандық полицейлер ресейлік әріптестері үшін іздеуде жүрген 212 адамды анықтады. Олардың 31-і ұсталып, 180 адамның жүрген жері анықталған. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде Ақтау әуежайында мемлекетаралық іздеуде жүрген ер адам қолға түсті. Ол Баку қаласына ұшып кетпек болған кезде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, — делінген хабарламада.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2012 жылы Калуга қаласында жанжал кезінде әйел адамның басынан бірнеше рет соққы жасап, салдарынан жәбірленуші оқиға орнында қаза болған. Сонымен қатар Владикавказ қаласында халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы ұсталды. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2022 жылы Шымкенттегі автосалондардың бірінде ер адам жергілікті тұрғыннан Toyota Camry көлігін 20 миллион теңгеге сатып беремін деп алып, кейін жалған құжаттар жасап, көлікті басқа адамға сатып жіберген, — делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл қылмыскерлерді жедел анықтап, жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
