ІІМ қоғамдық орындарда азаматтардың бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге қатысты заң талаптарының сақталуын бақылау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл норма «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заңның 75-бабы 3-тармағында көзделген.
Заң бойынша, адамның түр-сипатын көзбен тануға кедергі келтіретіндей дәрежеде бетті жабатын киімдерді қоғамдық орындарда кию құқықбұзушылыққа жатады. Алайда тыйым ауа райы жағдайларына, медициналық көрсетілімдерге, қызметтік міндеттерді орындауға, сонымен қатар спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу жағдайларына қолданылмайды, — делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, жауапкершілік әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында қарастырылған.
Алғашқы құқықбұзушылық үшін ескерту беріледі. Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Қазіргі уақытта осы бап бойынша 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тыйым қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған және бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылады, – делінген хабарламада.
