26 мамыр күні Жамбыл облысы, Сарысу ауданында «ЕуроХим» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыты ашылды. Кәсіпорын жылына 800 мың тонна, күніне 2 450 тонна өнім өндіреді. Зауыттың ашылу рәсіміне өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, компанияның бас директоры Игорь Ахмеров пен компания өкілдері қатысты.
Baribar.kz тілшісі өндіріс орнына барып, күкірт қышқылы зауытының жұмысымен танысып қайтты.
Күкірт қышқылы зауытының құны – 170 миллион доллар
Еурохим – әлемдік тыңайтқыш өндіретін компания. Компанияның Ресей, Қытай, Бельгия, Литва, Бразилияда тау-кен кәсіпорны бар. Жамбыл облысындағы күкірт қышқылы зауытының құны – 170 миллион доллар. Бұл жоба ауыл шаруашылығына, азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, өңдеу өнеркәсібі мен еліміздің экономикасын дамытуға ықпал етеді. Өндірісте 330 жұмыс орны ашылды. Мамандар шикізатты зауыт аумағында өндіріп, өңдеп, конвейер желісімен тасымалдайды. Конвейер желісі арқылы өнімділікті арттырып, жұмысшы күші мен өндіріс шығынын азайтуға болады. Енді кәсіпорын өкілдері өндіріс көлемін жылына 1 милиион тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

Жалпы 1200 жұмыс орны ашылады
Бұл аймақтағы тау-кен өндірісі 2016 жылы басталған. Бірінші кезеңде фосфорит ұнын өндіретін тау-кен кешені бой көтерген. Күкірт қышқылы зауыты — «Еурохим-Қаратау» жобасының екінші кезеңі. Биылғы қарашада құрылысы толық аяқталып, 2027 жылы үшінші кезеңде химиялық-миниралды тыңайтқыш өндіретін кешен іске қосылады. Компания бұл жобаға 1 миллиард доллар инвестиция салды. Барлық кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жалпы 1200 жұмыс орны ашылады. Химиялық өнім әлем бойынша 25-тен астам елге экспортталады.


Қаратау фосфорит бассейні — еліміздегі ауқымды өнеркәсіп ошағы. Мұнда 15 миллиард тоннаға жуық фосфорит қоры бар. Сондықтан компания тыңайтқыш өндіру үшін Қаратау мен Жаңатас аймағын таңдаған.
Мамандардың 80%-ы — жергілікті халық
Компанияның бас директоры Игорь Ахмеровтің сөзіне қарағанда, қазір өндірісте жұмыс істеп жатқан мамандардың 80%-ы жергілікті халық. Ол геосаяси немесе санкция мәселесі туындаса, компания Қазақстанға қандай кепілдік беретінін айтып өтті.
Кәсіпорындағы барлық инфрақұрылым құрылысын жергілікті мердігерлер атқарып жатыр. Ал негізгі технология бөлігіне мердігер CNCEC (China National Engineering Company) компаниясы жауапты. Геосаяси немесе санкция мәселесі туындаса, зауыттағы құрал-жабдықтар, мамандар, өндірістегі тәжірибе мен жұмыс орны Қазақстанда қалады. Біз Қазақстанның технология мен кадрлық тұрғыда дамуына кепілдік береміз. Мамандар осы жерде тұрып, жұмыс істейді. Қазір өңір әкімімен техникалық колледж ашуды, жергілікті мамандарға баспана, балабақша мен мектеп салуды талқылап жатырмыз, — дейді Игорь Ахмеров.

Қазақстан жылына 3,5 миллион тонна күкірт қышқылын тұтынады
Күкірт қышқылы — металлургия мен минералды тыңайтқыш өндірісі үшін маңызды өнім. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың сөзіне қарағанда, Қазақстан жылына 3,5 миллион тонна күкірт қышқылын тұтынады.
Ел ішіндегі сұраныстың басым бөлігін отандық өнеркәсіп қамтып отыр. Сондықтан бұл өнеркәсіп Жамбыл облысының әлеуетін арттырып, импортқа тәуелділікті төмендетуге, шикізат базасын көбейтуге мүмкіндік береді. Қазақстанда полипропилен, күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыш, лак-бояу мен басқа да өнім көлемі жыл сайын артып жатыр. Биылғы төрт айда химия өнеркәсібінде шамамен 20% өсім бар, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Жамбыл облысында 44 химия кәсіпорны бар
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің сөзіне қарағанда, зауыт экология талабына сай болғандықтан, тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасына кері әсер етпейді. Ол қазір бұл аймақта 44 химия кәсіпорны бар екенін айтты. Әкімдік алдағы төрт жылда 100-ден астам өндіріс жобасын іске асыруды жоспарлап отыр.
Күкірт қышқылы зауытын экологиясы ең таза өндіріс орындарының бірі деп анық айта аламыз. Осындай ірі индустриалды нысан салғанда, алдымен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне, электр қуатын үнемдеуіне және экология талабына сай болуына мән береміз. Химия өнеркәсібі — Жамбыл облысы үшін стратегиялық маңызы бар сала. Еліміздегі фосфорит қорының 78%-ы осы аймақта жатыр. Қазір облыста 44 химия кәсіпорны істеп тұр. Күкірт қышқылы зауыты – өңірдегі 45-кәсіпорын. 2026-2029 жылдары, яғни төрт жылда жалпы құны 5,6 триллион теңгелік 116 өндіріс жобасы іске асады, — деді облыс әкімі.
