Әлеуметтік желіде жүгіруге арналған Qozgal.app қолданбасының қызметкерлері only_alish деген қолданушыға қолданба атынан боғауыз сөзбен жауап берген еді. Қолданба 1Fit компаниясы жасағандар тізімінде тұр.
Baribar.kz 1Fit компаниясына ресми сауал жолдап, желіде дау туғанда компания неге үнсіз қалғанын сұрады.
Өткен аптада Threads желісінде жүгіруге арналған Qozgal.app қолданбасы only_alish деген қолданушыға боғауыз сөзбен жауап берген еді. Бұл жағдайдың соңы жұрт Qozgal.app қолданбасын ғана емес, оны жасады деген 1Fit компаниясын да кәнсілдеуге жеткізді.

«Qozgal.app 1Fit компаниясының өнімі емес»
1Fit компаниясының бас директоры Дэниел Липатов бізге берген жауабында бұл қолданбаны 1Fit жасамағанын жазған.
Qozgal.app 1Fit компаниясының ресми өнімі емес. Компания оны әзірлеуге қатысқан жоқ және одан ешқандай коммерциялық пайда көрмеді. Бұл – біздің бұрынғы қызметкеріміздің жеке жобасы ғана. App Store және Google Play дүкендерінде жариялаушы ретінде 1Fit ЖШС көрсетілуі – жобаны жылдам шығару үшін оған өзіміздің корпоративтік кабинеттерімізді пайдалануға рұқсат беріп, алғашқы көмек бергеніміздің нәтижесі ғана, — дейді бас директор жауабында.
1Fit компаниясы осы оқиғадан соң Qozgal.app жобасымен байланысты толық үземіз деп отыр. Қазіргі уақытта Qozgal.app қолданбасын компания кабинеттерінен көшіру процесі басталған.

Дау шыққанда 1Fi үнсіз қалды
Ал дау шыққан уақттың бәрінде компания үнсіз қалып, мәлімдеме жасамады.
Біздің тарапымыздан бірден жария реакцияның болмауы құқықтық және корпоративтік процедураларға байланысты болды. Жоба авторы 1Fit-тің штаттағы қызметкері болғандықтан, ішкі тексеріс жүргізуге және ҚР Еңбек кодексі бойынша, еңбек қатынастарын тоқтатуды заңды түрде дұрыс рәсімдеуге уақыт қажет болды, — дейді компанияның бас директоры Дэниел Липатов.
Qozgal.app-тың постына 1Fit компаниясын белгілегендерді қолданба қызметкерлері шетінен жасырып отырды. 1Fit мұны қалай түсіндіретінін де сұрадық.
Әрине, қолданушылар 1Fit-тің ресми парақшаларын белгілеген кезде бізге хабарлама келеді және біз оны көреміз. Алайда,бөтен ресурстардағы пікірлерді модерациялауға, жасыруға немесе өшіруге ешқандай техникалық мүмкіндігіміз жоқ — мұнымен тек қолданба авторы айналысты, — делінген жауапта.
Боғауыз сөз жазған Qozgal.app қызметкері расымен жұмыстан шығарылды ма?
Тексеріс қорытындысы бойынша компания басшылығы мен ол маманмен (боғауыз жазған SMM-маман — ред.) еңбек қатынастарын тоқтататын келісімге келді. Бүгінгі таңда ол 1Fit штатында жоқ және ешқандай (соның ішінде жасырын) қызмет атқармайды. Оның барлық ішкі инфрақұрылымға, корпоративтік ресурсқа және жұмыс чатына кіру мүмкіндігі толығымен бұғатталған, — деп айтты Дэниэль Липатов.
Дегенмен «Бәріне айыпты SMM маман» деп бар кінәні бір қызметкерге жаба салу дұрыс па? 1Fit компаниясы «Кінәні жалдамалы орындаушыларға жаба салу әрекеті жоба иесінің өз шешімі үшін жауапкершілік алуға дайын емесін ғана растайды» деп отыр.
Qozgal.app «парақшамыз қазақша және орысша жүреді» деп өтірік айтқан
Qozgal.app кешірім сұрап жазған жазбада «әлеуметтік желідегі парақшаларымыз қазақша және орысша жүреді» деп жазған. Қолданба қызметкерлері парақшаға осылай өтірік жазғанына 1Fit компаниясы қалай қарайды?
Біз мұны аудиторияны қасақана адастыру деп қабылдаймыз және бұл — біз үшін мүлдем жол берілмейтін жағдай. Жанжалды басу үшін жалған ақпарат жариялау дағдарысты одан әрі ушықтырды. Бұл фактор біз үшін ынтымақтастықты тоқтату туралы шешімнің дұрыстығына қосымша дәлел болды, — дейді компания басшысы.
1Fit компаниясының Qozgal.app жобасынан біржола қол үзуге автордың мемлекеттік тілге және аудиторияға ашық құрметсіздігі триггер болған.
Дәл сол себепті ол (жоба авторы ред.) енді біздің команданың мүшесі емес, ал оның өнімі 1Fit инфрақұрылымынан біржолата жойылады, — деп жауап берді компанияның бас директоры Дэниел Липатов.
Бір айта кетерлігі, Дэниел Липатов «Qozgal.app жобасының авторын 1Fit компаниясының бұрынғы қызметкері» дейді, ал тағы бір сөзінде оны «штаттағы қызметкер» дейді. Оған қоса, жоба авторының аты-жөнін атаған жоқ.
1Fit — Қазақстанның 16-дан астам қаласында 1000-нан астам спорт залы мен студияға баруға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық фитнес абонемен. Ол қолданушыларға бір абонементпен тренажер залы, йога, жүзу, би және жекпе-жек сияқты түрлі жаттығуға қатысуға мүмкіндік береді.
Qozgal.app — күн сайын 10 000 қадам басып, соны санауға көмектесетін қадам өлшегіш.
