Не болды?
Жазда оқушылар мен студенттер жұмысқа орналасып, 350 мың теңгеге дейін табыс таба алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, 14 жастан асқан оқушылар мен студенттер жазғы үш ай демалыста жұмысқа орналасқан жағдайда айына шамамен 118 мың теңге жалақы алады. Жалпы табыс — 350 мың теңге.
Қалай жұмысқа орналасуға болады?
14–15 жастағы оқушылар жұмысқа ата-анасы немесе заңды өкілі арқылы орналасады. Жұмысқа орналасу үшін:
- Enbek.kz электронды порталына кіріп;
- «Менің жазғы каникулым» бөліміне тіркеліп, түйіндеме жүктеп;
- өзіне ыңғайлы бос жұмыс орынын таңдап, өтінім беру қажет.
800-ге жуық оқушы мен студент жұмысқа қабылданады
«Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы арқылы жасөспірімдерді уақытша жұмыспен қамту маусым айында басталады. Биыл 800-ге жуық оқушы мен студент жұмысқа қабылданады.
Жастар дүкен көмекшісі, курьер, аниматор, промоутер, кітапхана немесе лагерь жетекшісінің көмекшісі, SMM маманы болып, жеңіл әрі қауіпсіз ортада 7 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Еңбек кодексі бойынша 14–16 жас аралығындағы жасөспірімдердің жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан, ал 16–18 жас аралығындағы жастар үшін 36 сағаттан аспауға тиіс.
