Астанадағы балалар ауруханасының ғимаратында өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар тілсіз жауды қысқа уақытта сөндірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт Сарайшық ауданы аумағындағы Қошқарбаев көшесінде орналасқан балалар ауруханасының жертөлесіндегі электр қалқанынан шыққан.
Хабарлама түскеннен кейін екі минут ішінде алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жетіп, өртті сөндіру жұмыстарына кіріскен. Қауіпсіздік мақсатында науқастар мен медицина қызметкерлері эвакуацияланды. Олар жақын маңдағы медициналық мекемелерге, сонымен қатар ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдар ұсынған автобустарға орналастырылған. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылып, арнайы жылыту пункті ұйымдастырылды, — делінген хабарламада.
Құтқарушылар 10 шаршы метр аумақты шарпыған өртті толық сөндірген. Зардап шеккендер жоқ. Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.
