Астанада 21 мамыр күні исламдық қаржы моделінің даму келешегіне арналған Islamic Finance and Business Forum өтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған бұл алаң халықаралық реттеушілерді, инвесторларды, компания басшыларын, шариғат кеңесшілерін және қаржы нарығының сарапшыларын біріктіреді. Іс-шараға тіркелу ашық болғанымен, орын саны форматқа байланысты шектеулі.
Форум бағдарламасы бизнеске практикалық пайда әкелетін шешімдерге бағытталған. Негізгі сессиялардың бірі Орталық Азияның исламдық қаржы жүйесінің жаһандық нарықпен ықпалдасу мүмкіндіктеріне арналған аналитикалық баяндама болмақ. Сонымен қатар этикалық қаржы құралдарын нақты экономикалық секторларда қолдану тәжірибелері талқыланады.
Іс-шараны Islamic Finance and Business Association, TIDAM стратегиялық коммуникациялар агенттігі және Astana International Financial Centre серіктестікте ұйымдастырады.
Форумның ресми серіктесі — ITS халықаралық сауда алаңы. Жобаны Kazakhstan Ijara Company, Alif және Teniz Capital қолдайды.
Серіктестер қатарында АХҚО юрисдикциясындағы алғашқы исламдық банк — Al Safi Bank, Ailat цифрлық сервистер экожүйесі және цифрлық скорингпен айналысатын Money компаниясы бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум қатысушылары эксклюзивті аналитикаға қол жеткізіп, халықаралық сарапшылармен және шариғат кеңесшілерімен тікелей пікір алмаса алады. Алаң этикалық қаржы қағидаттарына негізделген компаниялар үшін қаржылық стратегияны қайта қарауға мүмкіндік береді.
