Астана мен Алматыдан Түркияның Газипаша-Алания әуежайына тікелей рейстер іске қосылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
FlyArystan әуе компаниясының мәліметінше, 13 мамырдан бастап Алматыдан Жерорта теңізі жағалауындағы Алания курорттық өңірінің баламалы әуежайы – Газипашаға алғашқы тікелей рейстер орындала бастады.
Алғашқы рейсті орындаған ұшақты Газипаша-Алания әуежайында салтанатты түрде қарсы алған. Іс-шара барысында экипаж мүшелері мен жолаушыларға арнап мерекелік рәсім ұйымдастырылып, сыйлықтар табысталған.
«Алматы – Газипаша – Алания» бағыты бойынша рейстер 13 мамыр мен 24 қазан аралығында аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері орындалады. Сонымен қатар Астанадан маусымдық рейстер қайта жанданды. Олар 11 мамыр мен 22 қазан аралығында аптасына екі рет – дүйсенбі және бейсенбі күндері жүзеге асырылады, — делінген хабарламада.
Газипаша-Алания әуежайы қазіргі уақытта 17 әуе компаниясына қызмет көрсетеді. Өткен жылы әуежайдың жолаушылар ағыны 1 миллионнан асып, 1 004 377 адамға жеткен.
