Түркістандағы бірқатар білім беру ұйымы 14-15 мамыр күндері қашықтан оқыту форматына көшті. Бұл шешім 15 мамырда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне байланысты қабылданған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, іс-шара кезінде білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қаладағы уақытша жол қозғалысы шектеулерін ескеру мақсатында онлайн оқу енгізілді.
Қашықтан оқыту жүйесіне Түркістандағы сегіз колледж, сонымен қатар 38 мемлекеттік және 44 жекеменшік мектеп көшірілді. Сонымен қатар «Жаңа қала» және «Отырар» шағынаудандарында орналасқан бес балабақшаның тәрбиеленушілері уақытша демалысқа жіберілген, — делінген хабарламада.
Білім басқармасы онлайн оқыту процесін ұйымдастыру үшін барлық қажет дайындық жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Білім беру ұйымдарына сабақтарды бекітілген кестеге сәйкес өткізу тапсырылған.
Сонымен қатар ата-аналарға алдын ала ресми хабарламалар жолданған.
