Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматыда бизнес бастауға 1,7 млн теңге грант беріледі

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Алматыда жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалар жалғасып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, 2026 жылы қалада жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған 380 мемлекеттік грант беру жоспарланған.

«Бастау Бизнес» сертификаты бар азаматтар грант ала алады

Мемлекеттік грант көлемі — 400 айлық есептік көрсеткіш. Бұл — 1 730 000 теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржылай көмек. Грант бизнес бастаған кәсіпкерлерге идеясын жүзеге асыруға, қажет құрал-жабдық сатып алуға, өндірісті жолға қойып, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға көмектеседі. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Грант қаражатын құрал-жабдықтар мен технологиялық техникалар сатып алуға пайдалануға болады. Алайда оны тұтынушылық мақсаттарға, несие жабуға, тұрғын үй немесе жер телімін алуға, сонымен қатар акцизделетін өнім өндіруге жұмсауға тыйым салынады, – деді Бауыржан Жаубасов.

Бағдарламаға тіркелген жұмыссыздар мен тіркелгеніне үш жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Сонымен қатар үміткер әлеуметтік санаттардың біріне жатуы қажет.

Олардың қатарында:

  • көпбалалы отбасылар;
  • атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • мүмкіндігі шектеулі жандар;
  • мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • қандастар;
  • қоныс аударушылар;
  • асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатын азаматтар бар.

Міндетті талаптардың бірі – «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өткенін растайтын сертификаттың болуы. Өтінішті business.enbek.kz порталы арқылы беруге болады.

40 мамандық бойынша тегін оқыту жүріп жатыр

Сонымен қатар Алматыда жұмыссыз азаматтарды кәсіби оқыту жалғасып жатыр. Қазір тігінші, аспаз, кондитер, визажист, маникюр шебері, шаштараз, флорист және құрылыс саласының маманы секілді сұранысқа ие 40 мамандық бойынша 516 бос орын бар.