Алматыда жұмыссыздық деңгейі 4,4%-ға дейін қысқарды

Алматыда халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахымның қатысуымен брифиң өтті.

Әкім орынбасарының айтуынша, Алматы әкімдігінің басты мақсаты — тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік осал топтарға нақты көмек көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Қалада 2,2 миллионнан астам адам тұрады, оның 370 мыңы әлеуметтік осал санатқа жатады. Биыл әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру үшін бюджеттен 30,5 млрд теңге қарастырылған. FSM Social мобайл қолданбасы арқылы төлемдердің ашықтығы мен тиімділігі қамтамасыз етіліп келеді. 2025 жылдың 9 айында 190 мың адамға жалпы 4,3 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді. Жұмыспен қамту бағытында 23 мың адам белсенді шаралармен қамтылған. Олардың 11,4 мыңы тұрақты жұмысқа орналасса, 770 адам кәсіби оқудан өткен. Сонымен қатар 433 жас кәсіпкерге 1,5 млн теңгеден мемлекеттік грант берілген, оның 63%-ы көпбалалы отбасылар, — делінген хабарламада.

Зейнеткерлерді еңбекке тарту үшін «Алтын жас» жобасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама аясында зейнеткерлердің еңбекақысы 85 мың теңге мөлшерінде субсидияланады, оған 487 адам қатысқан.

Жүргізілген шаралардың арқасында Алматыда жұмыссыздық деңгейі 4,4%-ға дейін төмендеді, бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Сонымен қатар жастарды қолдауда цифрлық құралдар кеңінен енгізіліп жатыр. Enbek.kz және Skills.enbek.kz порталдары арқылы түлектер тәжірибеден өтіп, онлайн-курс арқылы мансаптық дағдыларды меңгереді. Біздің басты мақсат — әрбір алматылықтың лайықты өмір сүруі мен ертеңіне деген сенімін арттыру, — деді Нұрлан Әбдірахым.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да