Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматыда туыстар бірлесіп, есірткі таратумен айналысқан

Фото: ІІМ
Алматыда полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесі интернет-дүкен арқылы есірткі таратумен айналысқан топтың қызметін тоқтатты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жедел-іздестіру шаралары барысында туыстық байланысы бар үш азамат ұсталған. Тергеу мәліметінше, олар алдын ала ұйымдасып әрекет етіп, есірткі тарату схемасында әрқайсысы өз міндетін атқарған.

Күдіктілердің тұрғылықты жері мен жеке тінту кезінде синтетикалық және өсімдік тектес есірткіге ұқсас заттар салынған орамалар тәркіленді. Сонымен қатар электрон таразылар, қаптама материалдары және есірткіні таратуға дайындауға арналған өзге де құралдар алынған.

Полиция қала аумағында есірткі жасыруға арналған бірнеше жасырын орынды да анықтаған. Тәркіленген заттардың жалпы көлемі ірі партия ретінде бағаланып отыр. Барлық зат сот-химиялық сараптамаға жіберілген.

Өткізілген операция барысында есірткі заттарын заңсыз таратуға қатысы бар топтың қызметі тоқтатылды. Олардың алдын ала келісіп, жүйелі түрде қаптау және тарату жұмыстарымен айналысқаны анықталды. Заңсыз айналымнан ірі көлемдегі есірткі және оны дайындауға арналған құралдар тәркіленді. Мұндай қылмыстар қоғамға, әсіресе жастарға үлкен қауіп төндіреді, – деді Батыржан Абдумасаров.