Алматының Алатау ауданында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде интернет-дүкеннің бір тармағының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полиция мәліметінше, онда 20 жастағы жасырын жеткізуші жұмыс істеген. Жеке тінту барысында күдіктіден 127 орам мефедрон, таратуға дайындалған 2 мың «экстази» таблеткасы, сонымен қатар тұрғылықты жерінен шамамен 1 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.
Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 2,5 келіні құрап, шамамен 6 мың бір реттік дозаға тең екені анықталған. Белгілі болғандай, заңсыз сауда үшін төлем криптовалюта арқылы жүргізілген. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, — делінген хабарламада.
