Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Ұлттық банк Altyn Orda коллекциялық монетасын шығарады

Фото: Ұлттық банк
Ұлттық банк «Ұлы оқиғалар мен адамдар» сериясы аясында Altyn Orda атты жаңа коллекциялық монетаны айналымға шығарады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Монетаның сатылымға нақты қашан шығатыны туралы ақпарат кейінірек Қазақстан ұлттық банкінің ресми сайтында жарияланады.

Алтын Орда XIII–XV ғасырларда Еуразиядағы ең ірі мемлекеттердің бірі болған. Ол Шығыс пен Батыс арасындағы сауда байланыстарының дамуына, Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық сауданың өркендеуіне және көпұлтты мәдени кеңістіктің қалыптасуына ықпал етті.

Ұлттық банк мәліметінше, жаңа коллекциялық монета тарихи жадыны сақтау, мәдени мұраны дәріптеу және мемлекеттіліктің қалыптасуындағы маңызды кезеңдерді насихаттау мақсатында шығарылып отыр.

Монета алтын жалатылған 925 сынамалы күмістен жасалған. Оның салмағы – 62,2 грамм, диаметрі – 50 мм. Дайындалу сапасы – proof, номиналы – 2000 теңге. Жалпы таралымы – 1000 дана. Монета Қазақстан теңге сарайында дайындалған, — делінген хабарламада.

Ұлттық банк хабарлауынша, коллекциялық монета Қазақстан аумағында барлық төлем түрлері бойынша атаулы құнына сәйкес қабылдануға міндетті. Сонымен қатар оны банктік шоттарға аударуға, айырбастауға және барлық банктерде ұсақтауға болады.